Атырау, 17 қыркүйек 12:07
 дождьВ Атырау +18.8
$ 444.88
€ 513.26
₽ 5.28

«Қала күнінен бұрын таза ауа маңызды»: атыраулықтар мерекені өткізбей, қаржыны экологияға бағыттауды ұсынып жатыр

57 рет қаралды
Көрнекі сурет/Canva
Көрнекі сурет/Canva

Атыраудағы ауа сапасына қатысты шағымдардан кейін әлеуметтік желіде алдағы Қала күнін өткізуге қатысты пікірлер жариялана бастады. Кейбір желі қолданушылары концерттер мен өзге де мерекелік шараларға шығындалмай, оған қарастырылған қаражатты қаланың экологиялық мәселелерін шешуге бағыттауды ұсынып отыр.

«Қала тұрғындарына әдемі концерттен бұрын таза ауа мен жайлы өмір қажет», — деп жазды тұрғындардың бірі. 

Бұл жазбалар қаладағы ауа сапасына қатысты жағдай қайта ушығып тұрған тұста жарияланды. Қыркүйектің басында да Атырау тұрғындары қаладағы өткір иіске жаппай шағымданған еді. Кейін мониторингтік топ жүргізген өлшеулер барысында ауа құрамындағы жекелеген ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан бірнеше есе асқаны тіркелді. Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің айтуынша, шектен асу жағдайлары көбіне түнгі және таңғы уақытта анықталған.

Кезекті шығарындылардан кейін желіде Қала күнін кең көлемде атап өтудің қаншалықты орынды екені де талқылана бастады. Желі қолданушылары мерекелік шараларға қанша қаражат қарастырылғанын, оның нақты неге жұмсалатынын және бұл қаржыны экологиялық мәселелерді шешуге бағыттауға бола ма деген сауалдар қойып отыр.

Атырау қаласы әкімдігі қала күніне қатысты іс-шараларды өткізбеуді жоспарлап отырмағанын хабарлады. 

«Қала тұрғындарының экологиялық ахуалға және ауа сапасына қатысты алаңдаушылығын түсінеміз. Бұл мәселе тиісті уәкілетті органдардың тұрақты назарында. Биыл Атырау қаласының күніне орай бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған. Іс-шараларға жұмсалатын қаржы көлемі қазіргі уақытта нақтылану үстінде. Ұйымдастыруға қатысты мердігерді анықтау жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуде», - деп хабарлады әкімдік өкілдері. 

Бұл ретте мерекелік бағдарламадан бас тартудың өзі бұл қаражат автоматты түрде экологияға бағытталуы мүмкін дегенді білдірмейді. Дегенмен әлеуметтік желіде басталған талқылау өзге сұранысты көрсетеді — тұрғындар қала үшін бүгінгі таңда қай шығындар басым деп саналатынын түсінгісі келеді.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 11:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.