
Ішкі істер министрлігі биылғы сегіз айда діни ұрандарды жамылып, пайдакүнемдік қылмыстарға барған 22 қылмыстық топтың жолын кесті. Олардың құрамындағы 64 адам ұсталды, деп хабарлайды POLISIA.KZ.
Бұл топтар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі саудасымен айналысқан. Қылмыстық әрекеттер үшін қару сақтаған. Қылмыстар Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді.
Жалпы, экстремистік идеяларды ұстанушылар жасаған 155 қылмыстың беті ашылды. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді.
Мысалы, Алматыда радикалды көзқарастағы төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңге ұрлап, 5–6 жылға сотталды. Петропавлда әйел алаяқтықтың төрт эпизодын жасап, 2 млн теңге залал келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Павлодарда жергілікті тұрғын 17 алаяқтық әрекет жасап, 8 млн теңге шығын келтіргені үшін 5 жылға сотталды.
Сонымен қатар полиция интернетте радикалды идеологияны таратуға тосқауыл қойды. Ақтөбеде әлеуметтік желілерде діни араздық қоздырған тұрғын 3,5 жылға сотталды. Тағы бір жас жігіт терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Түркістан облысында халықаралық террористік ұйым идеяларын таратқан азамат 7 жылға сотталды.
ІІМ «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруды жалғастырып, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды күшейтуде.
В Атырау +28.9