
Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылында биылғы оқу жылында ашылған «Келешек» мектебі 610 орынға есептелгенімен, бүгінде онда 1098 оқушы білім алуда.
Алайда мектептің инфрақұрылымы толық дайын емес. Оқушылардың тек 58-і ғана арнайы автобуспен қатынайды, қалғандары жолы әлі аяқталмаған мектепке өздері жетуге мәжбүр. Көше жарығы да әлі орнатылмаған.

Десек те айдалада орналасқан білім ордасына барып келудің машақаты оқушылар үшін әлден-ақ қиындық туғызып тұр. Жол мен көше жарығы қарастырылмаған. Осыны уайымдаған ата-аналар автобус қатынасы дұрысталмайынша балаларын мектепке жібергісі келіп отырған жоқ.
- Қалай ғана бастауыш мектепте оқитын кішкентай балаларды жалғыз жібереміз. Үлкендері қашықтағы мектепке жаяу-жалпылап әрең барып келіп жүр. Такси болса удай қымбат. Күнде-күнде таксимен жіберу қалтамызға оңай соқпауда. Мектепті салғанда шет жақты таңдамай ауыл арасын неге қарастырмаған? Ал мектепті салды, сол біткенше оған оқушылардың қатынауына бас қатырмаған. Айналғанда зардабын оқушы мен ата-ана көруде. Жауын-шашында, қыс кезінде қалай қатынайды. Мектеп пен үйдің арақашықтығы 3 киллометрден асып жығылады,-дейді мазасызданған тұрғындар.
Айтса айтқандай, мектепке барар жолда үлкен сор көл бар, зират та сол жақта орналасқан. Ауылдың шет жағында бұралқы иттер де топ-топ болып жүреді. Осы себептен сабаққа кеткен балаларын келгенше ата-ана уайымдап берекеті қашып отырғаны.

Ақкөл жалпы орта мектебінің директоры Арайлым Қаржауованың мәлімдеуінше ауылдағы Арқалық және Ш. Қалдыаяқов көшелеріндегі мектеп оқушыларын автобуспен тасымалдау ұйымдастырылып отырған көрінеді. Яғни, теміржол өткелінен өтетін 58 оқушы ғана осы мүмкіндікке ие.
Мектеп директоры автобус бекітілген көшелердегі маршрутқа сәйкес жүретінін, ал қалған көшелер тасымал тізіміне енгізілмеуіне байланысты сырт қалғанын жасырмады. Мыңға жуық бала қара жолмен, жарықсыз жермен жүруіне тура келіп тұр. Ауа райы суытып, күн қысқарып түн ерте түскен уақытта оқушылардың барып келуі қиындайтынын жергілікті атқарушы органдары ойлантпағаны ата-аналардың ашу-ызасын туғызып тұр. Білім ордасын салмай тұрып, халықпен ақылдаспағанына наразы. Енді келіп тығырықтан шығар жол таппай отырған шенділердің де айтары аз болып тұр.
10 қыркүйек күні ата-аналардың дабылынан соң округте жиналыс өткен. Осы жиында тұрғындар 4 мәселеге назар аударуын қажет деп тапты, олар: мектептің қашық орналасуына байланысты қосымша автобусқа сұраныс беру, мектепке дейінгі жолды жарықтандыру, ауылішілік қоғамдық көлік ұйымдастырып, оқушылардың тегін тасымалын қарастыру.
"АЖ" тілшісі Құрманғазы ауданының әкімінің уақытша міндетін атқарып отырған Амангелді Мұратовқа хабарласқан еді. Оның айтуынша, оқушылардың тасымалына қатысты екі рет жиналыс жасалып, ата-аналарға түсіндірілген.
- Қазіргі таңда теміржол өткелінен өтетін Арқалық көшесіндегі 43, Ш. Қалдыаяқов көшесіндегі 15 бала үшін автобус тасымалы ұйымдастырылып отыр. Ақкөл ауылішілік қоғамдық көлік шығаруға күні бүгінде негіз жоқ, өйткені жол құрылысы жұмысы толық аяқталған жоқ. Осы құрылыс тапсырылғаннан кейін көшеішілік автобус шығаруға жұмыстанатын боламыз, - дейді ол.
Мұратовтың айтуынша, әзірге оқушылардың мектепке барып келуі үшін 1 шақырым жолға 80 см биіктікте жол төсеуді "Атырау жолдары" ЖШС атқаруда. Күні бүгінде жұмыс қызу қолға алынған. Сондай-ақ көше жарығын жүргізу үшін шығындар есептеліп жатыр.
Жаңа мектеп жобада қарастырылғаннан екі есе көп оқушы қабылдап отыр, ал оған апаратын жол, жарықтандыру және толыққанды көлік қатынасы әзірге билік тарапынан толық шешілмеген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +31