Атырау, 15 қыркүйек 12:15
 дождьВ Атырау +19.8
$ 447.80
€ 516.76
₽ 5.30

​«Судоремонтник» стадионы "Атырау" ФК матчына дейін дайын болу керек

Сурет
72 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов «Судоремонтник» стадионын қайта жаңғырту барысымен танысып, мердігерге барлық жұмысты осы айдың соңына дейін толық аяқтауды тапсырды. Қазіргі уақытта құрылыстың 90 пайызы біткен. Мұнда 14 қазанда «Атырау» футбол клубы «Елімай» командасын қабылдайды деп жоспарланған.

Стадионды жаңарту жұмыстарын «YAAY» ЖШС жүргізіп жатыр. Жоба жетекшісі Азамат Кенжеғалиевтің айтуынша, нысанда 20 маман мен 6 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жөндеу аясында ғимараттың шатыры толық ауыстырылып, жарықтандыру діңгектері орнатылды. Сондай-ақ 3 мың көрерменге арналған мінбе мен VIP-қонақтар секторы жабдықталды. Қазір резеңке жабынды төсеу, кіреберісті әрлеу және ұсақ құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылыс кестесінен сәл кешігу бар. Жоба жетекшісі мұны Ресей зауытынан мінбелер мен металл конструкциялардың кешігіп жеткізілуімен түсіндірді. Тапсырысты дайындауға келісімшартта белгіленгеннен екі есе көп уақыт кеткен. Алайда аймақ басшысы бұл олқылықтың орнын толтырып, белгіленген мерзімде стадионды толық дайын етуді жүктеді.

Жөндеу аяқталған соң арена Қазақстан футбол федерациясының сертификациясынан өтуі тиіс. «Судоремонтник» стадионы уақытша негізгі алаң ретінде пайдаланылады. Себебі қаланың басты «Мұнайшы» стадионы да қайта жаңғыртуға жабылған. «Атырау» клубы бұл аренада осы маусымның қалған ойындарын және «Мұнайшы» дайын болғанша келесі маусымдағы матчтарды өткізеді.

Бұдан бөлек, футболшылар тұратын кешен мен базаның ішкі бөлмелері де жөнделіп жатыр. Қыркүйек соңына дейін жоспарланған бірінші кезеңде дәліздер мен жуынатын бөлмелер плиткаланып, есіктер қондырылады және киім ауыстыратын орындар қайта жоспарланады. Ал жылыту, электр, желдету желілерін және сантехниканы толық жаңарту сияқты екінші кезең жұмыстары ойын маусымы аяқталған соң басталады.


Бүгін, 11:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.