
Кейде жақсы концерттен кейін залдан шыққың келмей қалады. Әуеннің әсері тарқамай, көңілде әлдебір жылы сезім қалып қояды. Кеше Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жаңа маусымды ашты.
«Әуенге айналған ғасыр» деп аталған 36-маусымдық концерт көрерменге бір кештік рухани демалыс сыйлады. Әуелеген әндер, күмбірлеген күйлер, әдемі дауыстар бірінен соң бірі жалғасып, залды ерекше көңіл-күйге бөледі.
Кештің шымылдығын Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйі ашты. Одан әрі қазақ музыкасының талай буынының шығармалары орындалды. Ахмет Жұбанов, Кенжебек Күмісбеков, Сейтек, Жантөре, Қаршыға Ахмедияров, Базарбай Жұманиязов, Рысбай Ғабдиев сынды композиторлардың туындылары сахна төрінде қайта жаңғырды.
Ән әлемінде де есімі елге таныс композиторлардың шығармалары шырқалды. Илья Жақанов, Латиф Хамиди, Кеңес Дүйсекеев, Шөмішбай Сариев, Бәкір Тәжібаев, Ескендір Хасанғалиевтің әндері кештің көркін аша түсті.
Әсіресе «Қазақ вальсі», «Мама», «Тыңда», «Сәлем саған, туған жер» секілді әндер көрермен көңілін ерекше толқытты. Бір ән сағынышты қозғап, енді бірі туған жерді еске түсіріп, тағы бірі шатттандырды.
Сахнада оркестрдің толық құрамы, жеке орындаушылар мен қыздар ансамблі өнер көрсетті. Әншілердің әсем дауысы мен оркестрдің шебер орындауы бір-бірін толықтырып тұрды. Ұлттық нақыштағы көздің жауын алатын костюмдер де кештің сәнін келтірді.
Дирижерлер Болат Долдашев пен Рахила Ерғалиеваның жетекшілігімен оркестр қазақ музыкасының әр кезеңіне сапар шектіргендей болды. Бір шығармадан екіншісіне ауысқан сайын әуеннің мінезі өзгеріп, бірақ ұлттық бояуы жоғалмады.
Ал концерттің соңындағы Құрманғазының «Сарыарқасы» залды бір серпілтіп тастады. Күй аяқталған сәтте көрерменнің қошеметі де ұзаққа созылды.
Кештен шыққан жұрттың айтқаны бір – мұндай концерттер адамға керек.
Күнделікті тіршілік, жұмыс, күйбең ойдың бәрін бір сәтке ұмытып, музыкаға еніп кету – өз алдына бір демалыс. Әдемі ән тыңдап, күймен тербеліп, көңілге жақсы сезім жинап қайту да адамға күш береді.
Дина Нұрпейісова атындағы оркестр – Рыспай Ғабдиев құрып кеткен кәсіби ұжым. Жылдар бойы қазақтың әні мен күйін сахнадан үзбей орындап келе жатқан оркестрдің өз көрермені қалыптасқан. Әр концерттің артында үлкен дайындық бар.
Бірақ өнерпаздардың алдында бір мәселе бар – сахна.
Оркестр қазір облыстық халық шығармашылығы орталығында дайындалады. Ал әкімшілік аппараты Ғабдол Сланов атындағы ғимаратта орналасқан. Әсіресе концерт қарсаңындағы дайындық кезінде сахна залының қажеттілігі қатты сезіледі.
«Шығармашылық адамына еркіндік керек. Әр концерт үлкен дайындықпен ұйымдастырылады. Көрермен тұрақты. Бағдарламалар жоғары деңгейде. Бірақ дайындық кезінде сахна залына өте қажеттілік туындайды», - дейді оркестр өкілі.
Бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Бұған дейін Баймұхановтағы бұрынғы АХАТ ғимаратын оркестрге беру мәселесі де айтылған. Алайда әзірге нақты шешім жоқ.
Сахнада бір ғасырдың әні мен күйі жаңғырған кезде залда отырған көрермен рухани сусындады. Ал сол өнерді дайындап, сахнаға шығарып жүрген музыканттардың өзіне дайындық жасауға лайықты кеңістік қажет.
Кеше өткен концерттен кейін бір нәрсе анық сезілді: қазақтың әні мен күйіне сұраныс бар. Көрермен бар. Оркестр бар. Енді сол өнерпаздарға да лайықты сахна керек.
Жаңа маусым сәтті басталды. Әуен үзілмесін.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +31 







