Атырау, 14 қыркүйек 13:49
 дождьВ Атырау +26.9
$ 450.91
€ 522.69
₽ 5.33

Болат Ақшолақов Исатай ауданының тұрғындарымен кездесіп, түйткілді мәселелерді талқылады

48 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Исатай ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың барысы мен инфрақұрылымдық жобаларды талқылады. Кездесуде Аққыстау ауылында 2019 жылдан бері құрылысы созылып келген үш бірдей 60 пәтерлі тұрғын үйдің техникалық тексерістен кейін апатты деп танылғаны және бұзылатыны белгілі болды.

Баспана және инфрақұрылым

Бұзылатын нысандардың орнына ауданда жаңа үйлердің құрылысы қарқын алған. Қазір Аққыстауда NCOC компаниясының демеушілігімен үш қабатты 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен бірге бюджет қаражаты есебінен де тағы бір осындай 60 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп жатыр.

Ауданның инженерлік желілерін жаңарту аясында жыл соңына дейін бірқатар жоба аяқталады:

  • Жанбай мен Зинеден ауылдарының көшелері жарықтандырылды;

  • Исатай ауылының электр желілері жаңартылып жатыр;

  • Қызылүй елді мекенінде 10 кВ әуе электр беру желісі реконструкцияланып, көше жарығы орнатылуда.

Білім беру, саламаттылық және мәдениет

Өңір басшысы әлеуметтік нысандардың жай-күйіне де тоқталды. Тұщықұдық ауылында саз мектебі, Томанда 80 орындық балабақша пайдалануға берілді. Ал Нарын ауылындағы 80 орындық тағы бір балабақша мен 300 орындық Мәдениет үйінің құрылысы келесі жылы тәмамдалмақ. Сонымен қатар Нарын мен Зинедендегі жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін қабылдап алу жұмыстары жүріп жатыр.

Денсаулық сақтау саласында Аққыстаудағы 250 орындық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Тұрғындардың бұл нысанның инфекциялық бөлімшесі мен асханасын да жөндеу туралы өтінішіне орай облыс әкімі жауапты басқармаға нақты жоспар әзірлеуді жүктеді. Ауданда Өркендегі фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылып, Жасқайрат ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында медициналық бекет бой көтерді.

Жолдар, экология және ауыл шаруашылығы

Аудандағы 109 шақырымды құрайтын ішкі жол желісін жақсарту жұмыстары 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін кезең-кезеңімен аяқталады. Қазір Жанбай (9,5 км) мен Исатай (8,6 км) ауылдарында реконструкция, Хамит Ерғалиев ауылында (8,6 км) күрделі жөндеу, ал Қызылүйдің (32 км) кіреберіс жолында орташа жөндеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ мал қыстату науқанына 81 мың тоннадай жем-шөп дайындалып, Батыс Қазақстан облысынан делдалсыз 240 тонна арзан бидай әкелінді. Ал Хамит Ерғалиев ауылында мұнай қалдығын қайта өңдеу кешенін салу жобасына қатысты қоғамдық тыңдаулар өтіп, экологиялық мәселе өңір басшысының жеке бақылауына алынды.

Жиын соңында Болат Ақшолақов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, инфрақұрылым, субсидия және сумен қамту төңірегіндегі өтініштер бойынша салалық басқармаларға нақты тапсырмалар берді.

Бүгін, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.