
Атырау облысының Құлсары қаласында жаңа оқу жылы №26 мектепте басталды. 1200 орындық заманауи білім ордасында робототехника кабинеттері, спорт залдары, бейнебақылау жүйесі мен полиция бекеті бар. Алайда мектепке апаратын жаяу жол қарастырылмаған болып шықты, деп хабарлайды Halyqstan.
Алғашқы күзгі жаңбырдан кейін білімге апарар жалғыз соқпақ балшыққа айналды. Әлеуметтік желілерде оқушылардың ақ колготка, үтіктелген шалбар және ашық түсті аяқ киіммен сабаққа батпақ кешіп бара жатқан видеолар тарады.
Тұрғындар облыс әкіміне үндеу жолдап, мәселені шешуді сұрады:
«Жаңа әрі әдемі мектеп үшін алғыс айтамыз. Бірақ бүгін балалар сабаққа жету үшін қиын жағдайда жүр. Қауіпсіз әрі таза тротуар салып беруді өтінеміз», — делінген Құлсары тұрғындарының хатында.
Айта кетейік, 1 қыркүйек қарсаңында мектепті облыс әкімі өзі тексеріп, дайын сыныптар мен спорт алаңдарын көрген. Сол кезде ол нысанды және айналасындағы инфрақұрылымды толық дайындауды тапсырған еді.
Бұл мектеп төңірегіндегі алғашқы дау емес. Өткен жылы құрылыс кезінде спортзалдың шатырының бір бөлігі опырылып түскен болатын. Сол кезде «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы оқиғаны мердігердің шатыр үстіне шамадан тыс — 6 тоннадан астам құрылыс материалын жинап қойғанымен түсіндірген.
Қазір ата-аналар мен оқушылардың басты тілегі — білімге апарар жолдың қауіпсіз әрі таза болуы.
В Атырау +19.8