
Мұрнындағы полипті алғаннан кейін қыздың жағдайы аяқ астынан нашарлап кетті. Ол жан сақтау бөлімшесінде 18 күн жатты. Алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Ата-анасы ота жасалғаннан кейін қызына не болғанын анықтауды сұрайды.
Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеода ота жасаған хирург дәрігер мұрнына ота жасаған соң тампон салынғанын айтады. Оның сөзінше, "тампон ота жасалған соң бір тәулік тұрады" және қыз бала отадан соң жан сақтау бөліміне бір сағаттан соң түскен. Ал екінші дәрігер - анестезиолог жан сақтау бөлімінде жатқан қыздың мұрнында тампон жатқанын білмей қалғанын айтты. "Тампон кетіп қалғанын білмей қалдым. Дем алмай қалды, сонда барып ойладым, аяқ астынан [жүрегі?] ... тоқтап қалды или қан кетіп қалған ба деп, может ота жасағаннан кейін. Содан кейін іште отырып қарағанда оң жағынан демалыс болған жоқ, кейін рентгеннен білдік" дейді видеода анестезиолог.
Әңгіме - тампонның ішке қарай түсіп кеткені туралы. Дәрігерлер де, қыздың анасы да марқұм жансақтау бөлімінде 18 күн жатқанын айтады. Реаниматолог дәрігер қыздың жансақтау бөлімінде протокол бойынша ем алғанын, бірақ баланың жағдайы тек нашарлай бергенін алға тартты. Жансақату бөлімінде қарқынды ем жүргізілгенін жеткізді. Ол тампон уақытында алынғанын айтып отыр. Осы жерде сұрақ туындайды.
Қыздың ата-анасы бұл - дәрігерлердің салғырттығынан болды деп есептеп, отадан кейінгі алғашқы сағаттарда дәл не болғанын, балаға көмектің қаншалықты уақытылы көрсетілгенін және сол асқынған жағдайда қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін бе екенін анықтауды талап етеді.
Бұл қайғылы жағдай туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен комментарий сұраттық.
Ведомство марқұмның жақындары мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтатынын айта келе, аталған жағдайды бақылауда ұстап отырғанын, қазір бұған қатысты арнайы комиссия құрылып жатқанын хабарлады.
"Аталған операция техникалық тұрғыдан күрделі әрі жоғары дәлдікті талап ететін хирургиялық араласулардың қатарына жатады. Мұндай операциялар барысында және операциядан кейінгі кезеңде медициналық тәжірибеде белгілі бір қауіптер мен асқынулардың туындау ықтималдығы толықтай жоққа шығарылмайды.
Операциядан кейін пациенттің жағдайы күрт нашарлауына байланысты медициналық ұйым тарапынан шұғыл және қарқынды емдеу шаралары толық көлемде жүргізілді. Сонымен қатар тиісті бейінді мамандар мен республикалық деңгейдегі сарапшылардың консультациялары ұйымдастырылды" дейді баспасөз қызметі өкілі.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта аталған оқиғаның барлық мән-жайы, көрсетілген медициналық көмектің уақтылығы мен сапасы, сондай-ақ туындаған асқынулардың себептері жан-жақты зерделенуде. Объективті қорытынды жасау мақсатында тиісті медициналық құжаттаманы тәуелсіз бейінді мамандардың қатысуымен қарау жоспарлануда.
"Тексеру және сараптама жұмыстары толық аяқталғанға дейін қандай да бір алдын ала қорытынды жасауға негіз жоқ.
Пациентке қатысты егжей-тегжейлі медициналық ақпарат дәрігерлік құпияны және дербес деректерді қорғау талаптарына сәйкес жария етілмейді" дейді өкіл.
Марқұм қыз бала биыл 11 сыныпқа баруы тиіс болатын. Ол отбасының тұңғышы еді.
Айнұр САПАРОВА
Марқұмның туыстары жолдаған сурет
В Атырау +21.2