
«ҚазТрансОйл» АҚ «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры бойында шикізат қабылдау үдерісін оңтайландырып, мұнай тасымалдау тиімділігін арттырды. Мұнай қоспасының құрамын реттеу нәтижесінде компания 2022–2025 жылдары 34,5 миллион текше метрден астам табиғи газды үнемдеп, 800 миллион теңгеден астам экономикалық тиімділікке қол жеткізді, деп хабарлайды "Қазмұнайгаз".
Компания бірнеше жыл бойы «Жетібай – Өзен – Атырау» учаскесінде келіп түсетін шикізаттың физика-химиялық және реологиялық қасиеттерін ескере отырып, оңтайлы мұнай қоспасын дайындау бойынша кешенді жұмыстар жүргізді.
Бұл тәсіл Атырау мұнай өңдеу зауытына жөнелтілетін мұнай сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді:
20°C температурадағы мұнай тығыздығы 860-тан 850 кг/м³-ге дейін төмендеді;
Күкірт мөлшері 0,6 пайыздан 0,2 пайызға дейін азайды.
Шикізат сапасының артуы зауыттың технологиялық жабдықтарының тұрақты жұмыс істеуіне оң ықпал етіп, өндірілетін мұнай өнімдерінің сипаттамасын жақсартты.
«Атырау – Самара» экспорттық бағытында мұнай қоспасының қату температурасы +20°C-тан −3°C-қа дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш құбыр тоқтап қалған жағдайдағы тәуекелдерді жойып, мұнайды үздіксіз қыздыру қажеттілігін айтарлықтай азайтты. Осылайша, тасымалдау сенімділігі нығайып, мұнайды жылытуға жұмсалатын табиғи газ шығыны қысқарды.
Бұған дейін «Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбыры арқылы тасымалдау үнемі жоғары температураны ұстап тұруды талап ететін. Маңғыстау мұнайының қату температурасы +30°C-қа дейін жетсе, Бозашы мұнайы тұтқырлығының жоғарылығымен ерекшеленеді. Жаңа технологиялық шешімдер бұл қиындықтарды еңсеруге жол ашты.
«ҚазТрансОйл» АҚ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту және шығындарды азайтуға бағытталған технологияларды жетілдіру жұмыстарын ары қарай да жалғастырады.
1978 жылы пайдалануға берілген «Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбыры – еліміздің батыс өңіріндегі кен орындарынан өндірілген шикізатты отандық МӨЗ-дерге және әлемдік нарыққа шығаратын негізгі магистральдардың бірі. Құбырдың Қазақстан аумағындағы ұзындығы – 1238 шақырым.
В Атырау +20.8