
Атырауда жыл басынан бері тұрғын үйлерде 90 өрт тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Өрт себебінен 2 адам көз жұмып, 3 адам күйік жарақатын алған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Ғабитов мәлім етті.
Жалпы қала бойынша жыл басынан бері 123 өрт оқиғасы тіркелген. Сонымен қатар табиғи газдан уланудың 7 жағдайы анықталған. Өткен жылы тек екі жағдай болған еді.
Тұрғын үйлердегі өрттердің негізгі себептерінің қатарында пештердің ақаулы болуы, мұржалардың уақытылы тазаланбауы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі, қолдан жасалған электр жылыту құралдарын пайдалану және балаларды қараусыз қалдыру жағдайлары бар.
Жылыту маусымы қарсаңында Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтеді. Биыл Атырауда әлеуметтік осал топқа жататын 383 тұрғын үй анықталып, олардың барлығы 100% араланған. Бұл үйлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің қолдауымен газ және түтін дабылқаққыштары орнатылып жатыр.
Ербол Ғабитов пешті қараусыз қалдырмауға, оның маңына жанғыш заттарды қоймауға және оны тұтандыру үшін тез жанатын сұйықтықтарды пайдаланбауға шақырды. Құтқарушылар электр жылыту құралдарын қолданғанда бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғыны қоспау қажет екенін қаперге береді.
Сондай-ақ ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмай, сіріңке мен оттықтарды олардың қолы жетпейтін жерде сақтауы керек.
Үйде өрт немесе түтін байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай, 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.
В Атырау +20.8