
Беделді шетелдік оқу орнында оқудың сырт көзге көрінбейтін жағы бар. «Ақ Жайық» бұл туралы жеті жыл Оңтүстік Кореяда тұрған және бұл жүйені жақсы білетін атыраулық Татьяна Хагаймен сөйлескен еді.
Татьяна Кореяда оқуды тоғызыншы сыныпта-ақ ойлаған. Ол университеттер мен шәкіртақылық бағдарламаларды өзі зерттеді, портфолио жинап, ата-анасына шығын салмай, толық қаржыландыру мүмкіндігін іздеді.
Жоғары сыныпта ол Атыраудағы НЗМ-нен Астанадағы НЗМ-ге ауысып, оқуға дайындықты шындап қолға алды. Көптеген шетелдік университеттер қабылдайтын SAT стандартты тестінен 1460 балл жинады, ал IELTS халықаралық емтиханынан 7,5 балл алды. Татьянаны Назарбаев Университетіне қабылдады, Қытайдағы PolyU-дан толық грант алды, бірақ ол Оңтүстік Кореядағы жетекші оқу орындарының бірі — Seoul National University (SNU) университетін таңдады, мұнда да толық грантпен оқыды.
Осы уақыт ішінде елді дұрыс таңдағанына күмәнданған жоқ. Бірақ оқу барысында мамандыққа қатысты жоспарларын қайта қарауға тура келді.
Бастапқыда Татьяна журналист болуды армандап, қазақстандық телеарнада жаңалық жүргізушісі болуды қалаған. Университетте журналистика, PR және маркетингті оқыды, бірақ уақыт өте келе журналистикамен кәсіби өмірін жалғастырғысы келмейтінін түсінген.
— Бір кезде «мамандықты дұрыс таңдадым ба?» деген сұрақ туындады. Бірақ Кореяны таңдауыма ешқашан күмән болған жоқ, - дейді ол.

Барлығымен тең дәрежеде оқуға тура келеді
SNU-дағы ең қиын нәрсе ретінде Татьяна жергілікті студенттермен бәсекелестікті атайды.
Кейбір курстарда салыстырмалы бағалау жүйесі қолданылады, мұнда нәтиже басқа студенттердің көрсеткіштеріне де байланысты. Шетелдік студентке тіл мен білім беру жүйесі бала кезден таныс корей жастарымен қатар оқуға тура келеді.
— Академиялық тұрғыдан алғанда, шетелдікке екі-үш есе көп күш салу қажет: көбірек оқып, бейімделу, тілді жетілдіру, жаңа жүйе мен ортаға үйрену қажет болады. Мен үшін корей тілі төртінші тіл болды.
Татьяна тіл жағынан үлкен қиындық көрмеген, бірақ өзі сөйлеп кету оңай болмағанын айтады.
— Маған ауызекі сөйлеуде тілдік кедергіні жеңу үшін шамамен екі жыл қажет болды. Оқып, жазып, түсіне алатынмын, бірақ сөйлеуге қатты қымсынатынмын.
Кейін ол корей тілін білуге арналған ресми емтихан — TOPIK-ті тапсырып, ең жоғары алтыншы деңгейге жеткен. Корей тілінен бөлек, ол әртүрлі деңгейде қазақ, орыс, ағылшын, испан және неміс тілдерін меңгерген.
Айтуынша, корей университетінде шетелдік студенттерден міндетті түрде көшбасшы болуды күтпейді. Кейде бұл өзін көрсетуге қосымша мүмкіндік береді. Бірнеше қорытынды жобада Татьяна топты басқарған, ал жергілікті студенттер мұндай рөлді қалыпты қабылдаған.
Грант негізгі шығындарды жапты, ал күтпеген жағдай болса, ата-анасы көмектесе алатын еді.
Татьяна университет асханасында тамақтанды, жатақханада құрбыларымен бірге ас дайындады және қосымша табыс табу үшін жұмыс істеді. Ол шетелдік студенттердің университеттік ұйымы — International Student Association-да вице-президент болып қызмет атқарып, бұл жұмыс үшін ақы алды. Бұдан бөлек, SmartestPrep атты білім беру жобасында сабақ берді, онда мектеп оқушыларын шетелдік оқу орындарына түсуге дайындады.
Грант күнделікті өмірге жеткілікті ме
Грант негізгі шығындарды жапты, ал күтпеген жағдай болса, ата-анасы көмектесетін.
Татьяна университет асханасында тамақтанды, жатақханада құрбыларымен бірге ас дайындады және қосымша табыс табу үшін жұмыс істеді. Ол шетелдік студенттердің ұйымында вице-президент болып қызмет атқарып, бұл жұмыс үшін ақы алды. Сонымен қатар SmartestPrep білім беру жобасында сабақ беріп, мектеп оқушыларын шетелдік университеттерге түсуге дайындады.
Оның айтуынша, Сеулде студентке бір айға жететін әмбебап сома жоқ.
— Айына бір миллион вон да жұмсауға болады, бес миллион да. Бұл адамның қайда тұратынына, қалай тамақтанатынына, қаншалықты жиі сыртқа шығатынына және ақшаны неге үйренгеніне байланысты.
Сонымен бірге ол қиын жағдайда әрдайым ата-анасының көмегіне сүйене алатынын атап өтеді.
Қолайлы әрі депрессивті
Көшіп барғаннан кейін Татьянада қатты мәдени шок болған жоқ. Ол мектеп кезінен-ақ Оңтүстік Кореяға қызығып, қоғамның қалай құрылғанын, қандай этикет ережелері мен әлеуметтік нормалар барын шамамен біліп жүрген. Бұған қоса, өзі жартылай корей болғандықтан, бала кезінен корей асханасымен таныс.
Дегенмен, шынайы Корея кей тұстарда оның күткенінен асып түсті. Ең алдымен тұрмыстық қауіпсіздік деңгейі таңғалдырды.
— Түнгі сағат үште дүкенге еркін бара аласың. Кафелерде адамдар орын алу үшін үстелге ноутбук пен телефондарын қалдырып кетеді, оларды ұрланады деп алаңдамайды. Мен бірнеше рет құлаққаптарымды орындықта ұмытып кеттім, ешкім тиіспеді. Тіпті көшеде жоғалған әмиян да көбіне сол орнында қалады.
Қазақстанға оралғаннан кейін бұл айырмашылық айқын сезілген.
— Алматыда кешкі уақытта, әсіресе жарығы нашар көшелерде жалғыз серуендей алмайсың. Қыз бала ретінде үнемі қауіпсіздігімді ойлаймын. Ал Кореяда мұндай сезім болмаған десе де болады.
Бірақ Сеулдің басқа қырына Татьяна дайын болмады.
— Мен Кореяның соншалықты депрессивті сезілуі мүмкін екенін күтпеген едім. Бұл көбіне Сеул сияқты алып мегаполистегі өмірмен байланысты деп ойлаймын. Сен үлкен қаладағы кішкентай адамсың, мұнда бәрі үнемі асығып жүреді: жұмыстан жұмысқа, бір сұхбаттан екіншісіне. Физикалық тұрғыдан да, менталды әрі эмоционалды жағынан да өте қарқынды. Кейде болып жатқан нәрселер мен эмоцияларды түсініп үлгермей қаласың, себебі бірден келесі істерге ауысу керек болады.
Бұл сезім әсіресе ересек өмірде қатты байқалды. Ал студенттік Корея негізінен Атырауда елестеткендей болып шықты, дейді ол.
Ақысыз тәжірибеден бас тартты
Оқуы кезінде Татьянаға Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігінде тәжірибеден өту ұсынылды. Ол келіспеді, өйткені тәжірибеден өткеніне ақы төленбейтін.
— Мен кез келген еңбектің ақысы төленуі керек деген ұстанымдамын, оған тәжірибе де кіреді. Сондықтан тегін жұмыс істеуге дайын болмадым. Маған белгілісі, Кореяда тәжірибеден өтушілердің еңбекақысын реттеу жүйесі бар, сондықтан ол жерде ақысыз тәжірибе ұсынылғаны мен үшін оғаш көрінді.
Университетті аяқтағаннан кейін Татьяна Сеулде қалды. Шамамен бір жарым жыл бойы косметика саласындағы компанияда маркетолог болып жұмыс істеді, жарнама, ілгерілету және халықаралық көрмелермен айналысты.
Ол кезде Кореядағы өмірі біршама қалыптасқан еді: жұмысы болды, достары пайда болды, Сеул үйреншікті қалаға айналды. Алайда Татьяна ол жақта біржола қалуды ойламады.
Қазақстанға оралу мүмкіндігі Higgsfield атты жасанды интеллект негізінде өнімдер әзірлейтін технологиялық компаниядан ұсыныс түскенде пайда болды.
— Сеулде менің жұмысым болды, ол жақта өмір сүргенім ұнайтын, бірақ Кореяда біржола қалып, бүкіл өмірімді сонда құруды қаламайтынымды түсіндім. Кейін Қазақстанда тамаша мүмкіндік пайда болды, Higgsfield-тен жұмыс ұсынды.
Компанияда Татьяна өнім мен аудиторияның өсіміне жауап беретін growth-командаға қосылып, YouTube бағытын дамытуға атсалысты.
Оның айтуынша, стартаптағы жұмыс бұрынғыдан әлдеқайда жоғары қарқын талап етті.
— Күн сайын, сағат сайын орасан зор көлемде жаңа ақпарат пайда болады. Меніңше, Higgsfield-тегі үш айлық жұмыс қарқыны әдеттегі компаниядағы тоғыз айға шамалас деуге болады.

Жеті жыл және отбасыңмен жеті рет қауышу
Оқу мен жұмыстың соңына түсіп жүргенде көп ойлана бермейтін бір жайт: үйіңнен қашықта болуың.
— Кореяда жеті жыл тұрғанда туыстарымды жеті рет қана көрдім, әдетте жылына бір рет үйге келетінмін. Ал Қазақстанда соңғы тоғыз айда олармен Кореядағы жеті жылдағыдай мәрте кездестім.
Алғашқы жылдары кейде сәл мұңайып қалатын: мектептегі достары Қазақстанда бірге оқуды жалғастырса, ал ол басқа елде жүрді. Бірақ уақыт өте келе Кореяда жаңа орта пайда болды.
Айтпақшы, Татьяна ол жаққа жалғыз кеткен жоқ. Онымен бірге ең жақын құрбысы Саша да оқуға түсті. Екеуі Атыраудағы қарапайым мектепте бірінші сыныптан бірге оқыды, кейін екеуі де НЗМ-ге қабылданды. Татьяна SNU-ға құжат тапсырмақ болғанда, физика мен техникалық ғылымдарға қызығатын құрбысына Оңтүстік Кореяның жетекші ғылыми-техникалық университеттерінің бірі — KAIST-ке түсуге кеңес берген еді.
Ақыры екеуі де оқуға түсті.
Татьянаның айтуынша, олардың арасында ешқашан бәсекелестік болған емес. Құрбылар қазір де бір-біріне бос орындар, қызықты бағдарламалар мен түрлі мүмкіндіктерді жіберіп тұрады.
Болашақ студенттерге кеңес
Бүгінде өзі сияқты шетелдік университет іздеп жүргендерге Татьяна тек бағалар мен дипломға байланып қалмауға кеңес береді.
Егер оқудың бастапқы кезеңіне қайта оралу мүмкіндігі болса, ол қателесуден қорықпай ертерек корейше сөйлей бастаған болар еді, көбірек тәжірибелік білім беретін пәндерді таңдап, адамдармен белсендірек танысқан болар еді.
— Оқудың арқасында бүгінде менің АҚШ-та, Еуропада, Моңғолияда, Қытайда және басқа елдерде достарым мен таныстарым бар. Қайда барсам да, танысым табылады. Әрине, мен мұны шетелдегі өмірдің маған берген басты байлықтарының бірі деп санаймын.
Татьяна Кореядан көңілі қалып қайтқан жоқ, керісінше, барғандағы мақсаттарының бәріне дерлік жетті: білім алды, тіл үйренді, достар тапты, жұмыс істей бастады және өз бетінше өмір сүруді үйренді.
Жеті жыл ішінде арман арман болудан қалып, оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Уақыт өте келе ол сонда мәңгі қалу міндетті емес екенін, бір кездері қатты барғысы келген жерден де кетуге болатынын түсінді.
Кореяны Татьяна әлі де жақсы көреді. Енді оның бойында тағы бір терең сезім қалыптасты: үй — міндетті түрде жетістікке жету үшін кететін жер емес, қайта өзіңді табатын, өміріңнің мәнін айқындайтын мекен болуы тиіс.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +18.8