
Жуырда Қаршымбай Ахмедияров көшесіндегі №2 апатты үйде балконның төменгі бөлігі опырылып түсті. Абырой болғанда, ол сәтте төменде ешкім болмаған.
«Ақ Жайық» бұл үйдің ендігі тағдырын анықтап жатқанда, жақын жерден көп ұзамай қирайын деп тұрған өзге де балкондар анықталды.
№2 үй 1965 жылы салынған, онда 47 пәтер бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйдегі қалған балкондар да құлап қалуға шақ тұр.
«АЖ» анықтағандай, бұл үй «EvoCom» ЖШС қорытындысы негізінде 2023 жылғы 30 наурызда-ақ апатты деп танылған. Одан бері үш жарым жыл өтсе де, тұрғындар көшірілмеген, қайта техникалық тексеру жүргізілмеген.
Қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде көшірудің нақты мерзімін айтпады. Үй апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер тізімінде тұр, ал шенеуніктердің жауабына сәйкес, көшіру мәселесі «қала аумағында жаңа тұрғын үйлердің салынуына қарай» шешіледі. Бұдан бөлек, әкімдік жеке инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.
Бір балкон опырылып түскеннен кейін қалған балкондармен не істейтінін бөлімдегілер хабарламады. Есесіне, үйді сүріп тастау туралы шешім қабылданған жағдайда не болатынын нақты түсіндірді: меншік иелеріне жайлы тұрғын үй беріледі немесе нарықтық құны бойынша өтемақы төленеді. Мына жауапқа қарағанда, сүру туралы шешімнің өзі әлі қабылданған жоқ.
Біз №2 үйдің мәселесін анықтап жатқанда, алысқа барудың да қажеті болмады. Осы көшеде 1970 жылы салынған №10 үй орналасқан. Бұл жерде балкон плиталарының шеттері үгітіліп, кей жерлерде бетон мүжіліп түскен, қасбеті де тозған.
«Ақ Жайық» тұрғын үй инспекциясынан бұл үй туралы да сұрады. Белгілі болғандай, мұнда техникалық тексеру жүргізілмеген. Қасбетінің, балкондардың және басқа да конструкциялардың жағдайына қатысты тұрғындардан өтініш те түспеген.
Мұндай үйлердің қаншалықты қауіпсіз екенін қала есебінен тексеру де әзірге мүмкін емес: жергілікті бюджетте тұрғын үй ғимараттарын техникалық тексеруге қаражат қарастырылмаған.
Қаршымбай Ахмедияров көшесінде 1965 жылдан 2012 жылға дейін салынған барлығы 22 көппәтерлі үй орналасқан. Ресми түрде екеуі апатты деп танылған: №2 және №28.
№2 үйде апатты жағдайда деген қорытынды 2023 жылдан бері жатыр, тұрғындар қашан көшірілетінін күтіп жүр, ал үй осы бастан үгітіле бастады. №10 үй ресми түрде апатты деп саналмайды, бірақ оны ешкім тексерген де жоқ.
Әзірге құлап жатқан бетон ешкімге зақым келтірген жоқ. Қаншалықты қауіпті екенін анықтау үшін біреуге зақым келгенше күтіп отыра берген жөн болмайтын сияқты.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Сурет пен видеоны түсірген Д.Оразғолиев
В Атырау +18.8