Атырау, 10 қыркүйек 18:04
 дождьВ Атырау +20.8
$ 456.89
€ 531.36
₽ 5.32

Индербор тұрғындары үш жылдан бері уәде етілген жолды күтіп жүр​

Сурет Бейнежазба
48 рет қаралды

Индербор кентіндегі 60 шамалы үйі бар Есмахан көшесінің тұрғындары жол төсеу жұмысының бақандай екі жылға созылып, көкала шаңның ортасында қалғанына шағымданды. 

"АЖ" тілшісі көше тұрғындармен кездесіп, уәждерін тыңдап қайтқан болатын. 

- Осы көшеге асфалт түседі дегеніне 2,5 жыл болды. Қиыршық тас төсеген еді, ол бір жыл жатты. Одан кейін ұсақ тас төседі де қалды. Ол тастар ұшып бүгінде жоқ болды, әсіресе кез-келген көлік осы көшеден өтсе шаң аспанға көтеріліп, тыныс алуға мүмкіндік болмай кетеді, - дейді Арман Ғұмаров.

Жаңбыр жауғанда бұл шаң батпақ балшыққа айналады. 

- Ұсақ тастардың топырағы көп. Топырақ көп болған соң  ол жауынды-шашынды күндері көкала балшыққа айналады. Жаяу жүргіншілер жолын төсегенімен кейбір жері істен шығып жатыр, - дейді Асқар Мұқанғалиев, Ахат Шаримғалиевтар күйінішпен. 

Жақында Индер ауданына облыс әкімі Болат Ақшолақов келіп кетті. Есмахан ауылының тұрғындары әкімнің ауданға келгенін білмей қалдық, айтатын мәселелер көп еді, ең болмаса осы жол жұмысын көрсетер едік дейді. 

Тұрғындар жол жұмысы жөнінде жауаптылар дұрыс жауап бермейтінін жеткізді.

Жалпы осы жолдарды салуды "Монолит Дизайн-2030" ЖШС міндетіне алған. 5 км жол және жаяу жүргіншілердің жұмыс жобасы 750 млн теңгеге бағаланыпты. 2024 жылы су тасқынынан кейін 200 млн, одан кейінгі жылы 280 млн теңге бөлінген. 

Аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Шапағат Ғаббасов бұл жұмыстардың кешігуін облыстық бюджеттен қаражаттың толық көлемде түспей, мердігерге нысанды белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік берілмеді деп түсіндірді.

- Күні бүгінге дейін 5 км жолдың негізгі қабаты төселді. Қаржы облыстан бөлінеді, бұған дейін 30 пайызы берілген болатын. Уақтылы қаржының болмауына байланысты жол жұмысы уақтылы аяқталмады. Енді қалған қаржысы бөлініп, мердігер бірер аптада жұмысын жалғастырмақшы. Ал жаяу жүргіншілер жолын мердігер мекеме қалыпқа келтіреді, - дейді Ғаббасов. 

Ш. Ғаббасов сондай-ақ 2024 жылы "Болашақ" ықшам ауданында  "ҚарасайҚұрылыс" ЖШС 2  млрд 907 млн теңгенің жол және жаяу жүргіншілер жолын бастағанын, алайда қаржы толық бөлінбеуіне байланысты кешігіп жатқанын мәлімдеді. 

2024-2025 жылы 1 млрд теңге қаржының  жұмысы атқарылған. Мердігер өз күшімен 300 млн теңгенің жұмысын да жасаған. 

Нәтижесінде Индербордағы бірден екі ірі жол жобасының құрылысы жылдарға созылып кетті. Аудан облыстық бюджеттен кезекті қаржының түсуін күтіп отырғанда, Есмахан көшесінің тұрғындары қарапайым асфальттың төселуін әлі де күтіп отыр. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен видеоны түсірген автор

Бүгін, 10:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.