
Атырауда полицияның заңды талабына бағынбаған екі жасөспірім анықталды.
6 қыркүйекте әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде Сәтбаев даңғылы бойында мопед мінген жасөспірімдердің жол ережесін өрескел бұзып, тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабына бағынбағаны белгілі болды.
Тексеру барысында олардың кәмелетке толмағаны анықталып, заңды өкілдері полицияға шақырылды. Жасөспірімдерге көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның мопед жүргізуі және көлік пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылды.
Сонымен қатар екеуі де ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынып, тәртібі тұрақты бақылауда болмақ. Полиция мұндай әрекетті жай тәртіп бұзушылық емес, заңды талапты қасақана елемеу деп бағалап, оның ауыр жол апатына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Құқық қорғаушылар ата-аналарға балалардың көлікті заңсыз басқаруына жол бермеуді және олардың әрекеті үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылатынын қатаң ескертті.
В Атырау +17.4