
Атырауда жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) іске қосылуға дайындалуда.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов Еркінқала шағынауданы мен маңайдағы елді мекендерді тұрақты газбен қамтуға бағытталған инфрақұрылым нысандарын аралап шықты. Бұған дейін қыс мезгілінде «Финская» АГТС-іне қосылған желілерде қысым төмендеп, тұрғындар қиындық көрген еді. Мәселені шешу үшін ұзындығы 21,7 км болат құбыры мен 20 км полиэтилен желісі тартылды.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Атырау филиалының директоры Қайсар Рахметовтің айтуынша, қуаты сағатына 120 мың текше метр болатын жаңа станция «Нұрсая», «Самал» шағынаудандарын қоса алғанда, қаланың оң жағалау бөлігін толық газбен қамтып, қысқы уақытта қысымның төмендеу қаупін жояды. Жаңа АГТС «Финская» станциясымен қатар жұмыс істемек.
Сапар барысында қуаты 200 МВт газ-турбиналы электр станциясының жобасы және Атырау мұнай өңдеу зауытының инфрақұрылымын газбен қамту мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар Махамбет ауданында газ инфрақұрылымы үшін жер учаскелерін рәсімдеу жайы қаралды.
Әкім нысанды дер кезінде іске қосу үшін уақытша техникалық қызмет көрсету схемасын әзірлеуді тапсырды. Қорытындысында ол іске қосу-баптау жұмыстарын уақытында аяқтап, жер рәсімдеу процедураларын жеделдетуді және өңір халқы мен кәсіпорындарын үздіксіз газбен қамтамасыз етуді міндеттеді.
В Атырау +17.4