
Атырауда “Saraishyq Upgrade-2026” халықаралық жастар форумы басталды. Ол биыл алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және Грузиядан 14 пен 35 жас аралығындағы 300-ден астам қатысушы жиналды.
Форум жұмысы алты бағыт бойынша ұйымдастырылған: кинематография, маркетинг, музыка, креативті индустрия, хореография және жасанды интеллект. Әрқайсысы бойынша байқаулар өтіп, ең үздік деп танылған алты жұмыстың авторы ақшалай сыйлық алады.
Іс-шараның ресми ашылуында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов сөз алып, креативті индустрияларды қолдау бастамасы — мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
— Біздің міндетіміз — талантты жастарды анықтап, жобаларын дамыту және халықаралық нарыққа шығуға жол ашу. Бүгінгі форум дәл осы міндеттерді өңірлік деңгейде шешуге бағытталған. Біздің болашағымыз — сіздер, сондықтан идеяларыңыз бен жобаларыңызды дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Баршаңызға жұмыста жеміс пен зор табыс тілеймін! — деді облыс әкімі.
Форум екі күнге созылады, бағдарламада пленарлық пікірталастар, тақырыптық сессиялар, дәрістер, практикалық сабақтар мен шеберлік сағаттары бар. Бірінші күні “Сарайшық” тарихи-мәдени музей-қорығына экскурсия ұйымдастырылады.
В Атырау +19.4 







