
Күздің алғашқы айының атауы орфографиялық сөздікке сәйкес «қыргүйек» деп жазылуы тиіс. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Tengrinews.kz сауалына берген жауабында хабарлады.
Соңғы күндері әлеуметтік желіде мектеп оқулықтары мен дәптерлердегі «қыргүйек» деген сөздің жазылуы қызу талқыға түсіп, ата-аналар мен желі қолданушылары арасында үлкен дау тудырған еді. Оқушылардың дәптеріндегі «к» әрпін мұғалімдердің «г» әрпіне түзетуі жұртшылықтың наразылығын тудырды.
Уәкілетті органның мәліметінше, сөздің бұл орфографиялық нормасы бұрыннан бекітілген.
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген 2013 жылғы орфографиялық сөздікке сәйкес, қазақ тілінде бұл айдың атауы «қыргүйек» деп жазылады», — деп түсіндірді Тіл саясаты комитеті.
Дегенмен, комитет өкілдері аталған сөзді жазу нормасының бұрын-соңды қалай өзгергенін және тіл мамандары арасында бұл мәселеге қатысты өзге де пікірлердің бар-жоғын нақтылап ашпады.
Айта кету керек, «қыркүйек» пен «қыргүйек» төңірегіндегі пікірталас 2018 жылдан бері мезгіл-мезгіл көтеріліп келеді. Қызығы, мектептерде мұғалімдер «қыргүйек» нұсқасын талап еткенімен, мемлекеттік органдардың өздері, соның ішінде Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі ресми хабарламаларында бұрынғыша «қыркүйек» деп жазып жүр.
В Атырау +20.9