Атырау, 6 қазан 17:05
 дождьВ Атырау +19.7
$ 454.98
€ 509.53
₽ 5.37

KMG International Румыниядағы МӨЗ-нің резервуарлар паркін жаңғыртып жатыр

410 рет қаралды
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі

KMG International «Петромидия» мұнай өңдеу зауытының резервуар паркін кешенді жаңғыртуды қолға алды. 

Нәтижесінде шикізат пен мұнай өнімдерін сақтаудың жалпы көлемі 20% ұлғаятын болады, сондай-ақ технологиялық процестердің сенімділігі мен сақтау инфрақұрылымын пайдалану тиімділігі артады.

Биыл аяқталған негізгі жобалардың бірі – дизель отынын шығару кезінде қолданылатын дистилляттарды сақтауға арналған резервуарды ауыстыру болды. Заманауи технологиялық жүйелермен және қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған жаңа резервуар бой көтерді. Осылайша, нысанның сыйымдылығы 5 мың текше метрден 6 мың текше метрге дейін өсті.

Сонымен қатар бензин сақтауға арналған резервуардың сыйымдылығын 5 мың текше метрден 6 мың текше метрге дейін, ал дизель отыны мен компоненттерін сақтауға арналған екі резервуардың әрқайсысын 10 мың текше метрден 12 мың текше метрге дейін ұлғайту көзделген.

Бұдан бөлек, сыйымдылығы 57 мың текше метр шикі мұнайды сақтауға арналған резервуарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр, бұл нысанның өндірістік процестің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызы зор.

Жобаларды іске асыру барысында қауіпсіздік мәселелеріне ерекше ден қойылған. Әр нысанның жұмыстарына 100-ге жуық маман жұмылдырылған.

Жаңғырту іс-шаралары кезінде арнайы домкраттардың көмегімен құрылымдарды гидравликалық көтеру технологиясы қолданылады. Бұл әдіс резервуардың монтажын шатырдан және қабырғаның жоғарғы жақтарынан бастап жүргізуге мүмкіндік беріп, биікте орындалатын жұмыс көлемін едәуір азайтады, персоналдың қауіпсіздік деңгейін арттырады және құрылыс мерзімін оңтайландырады.

Бұл бастамалар кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасы аясында қолға алынды.

8 қыркүйек, 11:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.