
Қызылордадағы шағын мұнай өңдеу зауытында өрт шығып, ішінде 120 тонна мұнай өнімі бар екі резервуар жанды, деп хабарлайды облыстық ТЖД.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жалынды толық ауыздықтап, қатар тұрған өзге де ірі сыйымдылықтарды өрттен аман алып қалды.
Оқиға Шоқай көшесінде орналасқан кәсіпорын аумағында болған. Алғашқы өрт сөндіру жасақтары жеткен кезде әрқайсысы 60 тонналық екі резервуар ашық жалынға оранып жатқан. Сондай-ақ оттың жанында тұрған тағы үш резервуарға өту қаупі жоғары болды.
Төтенше жағдайды жою үшін оқиға орнында жедел түрде өрт сөндіру штабы құрылып, ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де тиісті қызметтердің күштері тартылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға арнайы өрт сөндіру пойызы да жұмылдырылды. Мамандар көршілес резервуарларды қорғау мақсатында тасымалды лафеттік оқпандарды іске қосып, көбікпен шабуыл жасады.
Жедел әрі үйлесімді іс-қимылдың арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмей, 200 шаршы метр аумақты қамтыған жалын толық сөндірілді. Нәтижесінде қатар орналасқан үш резервуар сақталып қалды.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Зерттеуге өртке қарсы сынақ зертханасы тартылды. Зардап шеккендер мен оқиғаның кәсіпорын жұмысына тигізген әсері туралы ақпарат берілмеген.
В Атырау +19.7