Атырау, 7 қыркүйек 13:53
 дождьВ Атырау +25.2
$ 456.56
€ 530.52
₽ 5.28

Қазақстан мұнайшылары қанша табады?

77 рет қаралды
Көрнекі сурет/Canva
Көрнекі сурет/Canva

Қазақстанда мұнайшылардың жалақысы әрдайым жоғары табыспен байланыстырылады. 2026 жылғы бірінші тоқсанда мұнай және табиғи газ өндіру саласындағы орташа айлық жалақы 1,8 млн теңгеден асқанымен, бұл көрсеткіш әр қызметкердің миллиондап табыс табатынын білдірмейді.

Ranking.kz жобасы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректерін жариялады. Ел экономикасы бойынша орташа айлық жалақы осы кезеңде 461,5 мың теңге болған. Мұнай өндіру саласында бұл көрсеткіш төрт есе жоғары.

Сала ішінде жалақы айырмашылығы айқын. Бас директор, инженер, техник және жұмысшының табысы бірнеше есе өзгеше. 2025 жылы мұнай секторындағы орташа жалақы шамамен 1,6 млн теңге болды. Басшылар орта есеппен 2,4 млн теңге, кәсіби мамандар 1,9 млн теңге, техник-мамандар 1,6 млн теңге алған. 

Біліктілігі жоқ жұмысшылардың орташа жалақысы айына 522 мың теңге шамасында болған.

Ең жоғары жалақы басшыларға тиесілі. 2025 жылы мұнай секторындағы бас директорлар айына орта есеппен 4,4 млн теңге алған. Бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі директорлар — 3,9 млн теңге, атқарушы директорлар — 3,6 млн теңге, өндіріс директорлары — 2,9 млн теңге.

Миллиондық жалақы кейбір жоғары білікті мамандарға да тән. Қабат қысымын ұстап тұру инженері орта есеппен 2,6 млн теңге, мұнай және газ айдау станцияларының бастықтары — 2,2 млн теңге, бұрғылау бастықтары — 2,2 млн теңге алған.

Ал төменгі деңгейдегі қызметкерлердің табысы әлдеқайда аз. 

Мұнай айдау станциясының механиктері орта есеппен 508 мың теңге, мұнай және газ өндіру техникалары — 562,3 мың теңге, кен орындарын жобалау инженерлері — 567,6 мың теңге алған.

Сондықтан «мұнайшылар айына 1,5–2 млн теңге алады» деген пікір нақты жағдайды толық көрсетпейді. Мұндай жалақы салада бар, бірақ негізінен басшылар мен жоғары білікті мамандарға тиесілі. Көптеген қызметкер статистикада көрсетілген орташа сомадан әлдеқайда аз алады.

Саладағы кадр тұрақтылығы жоғары. 2025 жылы шикі мұнай және табиғи газ өндіруде кадр ауысуы 2,9% болған. 

Қазақстан экономикасы бойынша орташа көрсеткіш — 22,1%, ал қонақүй және мейрамхана бизнесінде 65%-дан асқан.

Мұнай компаниялары штат санын да белсенді арттырмайды. 2025 жылы мұнай және газ өндіруде кадрларды алмастыру коэффициенті 75,8% болды. Бұл жаңа қызметкерлердің саны кеткендерден аз болғанын білдіреді.

Қорытындысында мұнай саласы Қазақстан экономикасындағы ең жоғары жалақы төленетін секторлардың бірі болып қала береді. Бірақ нақты мамандықтар бойынша қарағанда, атақты «мұнайшылардың миллиондары» барлығына емес, тек белгілі бір санаттағы қызметкерлерге тиесілі екені анық.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.