
Қазақстанда жаңа кен орындарын ашу және көмірсутек ресурстық базасын толықтыру үшін барлау-бағалау бұрғылауының ауқымын айтарлықтай арттыру жоспарланып отыр. Сервистік нарықтың келешегі мен отандық бұрғылау саласын дамыту мәселелері Атырауда өткен KAZDRILLING конференциясында талқыланды.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, алдын ала бағалау мәліметтеріне сәйкес, 2026 жылы елде 80-ге жуық барлау-бағалау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған, ал 2027–2028 жылдары бұл көрсеткішті жыл сайын 120 ұңғымаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Инвесторларды тарту және аз зерттелген шөгінді бассейндерді игеру үшін елде жер қойнауы телімдерін беру тәртібі жеңілдетілді:
Аукцион Энергетика министрлігіне өтінім түскеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі.
Инвестор алғашқы үш жылда жер телімі аумағының кемінде 30%-ында сейсмикалық барлау жүргізуге және кейіннен бұрғылау жұмыстарын атқаруға міндеттеме алады.
Елішілік құндылықты дамытуға ерекше басымдық берілді. Энергетика министрлігі отандық кәсіпорындардың қажетті құзыреттілігі бар екенін атап өтті. Мысалы, атыраулық «Жігермұнайсервис» зауыты бұрғылау қашауларын, калибраторлар мен басқа да арнайы жабдықтарды шығарады.
«Біздің міндетіміз – бұрғылау қызметтерінің тұрақты әрі бәсекеге қабілетті нарығын қалыптастыру. Нәтижесінде жаңа геологиялық ашылымдар жасалып, қорлар толықтырылып, отандық өндіріс дамып, білікті жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артуы тиіс», — деп түйіндеді вице-министр Ерлан Ақбаров.
В Атырау +18.4