Атырау, 4 қыркүйек 19:18
 дождьВ Атырау +30.4
$ 455.86
€ 528.84
₽ 5.25

Атырауда қанша айлақ заңды түрде тіркелген?

66 рет қаралды

Осыдан екі ай бұрын қаладағы айлақтарға қатысты жағдай әлдеқайда алаңдатарлық болатын. Облыс әкімі аппаратынан түскен қызметтік жазбадан кейін билік олардың қайсысы заңды екенін анықтауға кірісті.

Атырау облысы әкімдігі аппараты басшысының міндетін атқарушы С.Меденов шілденің басында облыс әкімі С.Шапкеновке қызметтік хат жолдаған. Хатта Атырау қаласындағы жағалау аймақтары мен су нысандарында жеке және заңды тұлғалар орнатқан причалдардың (айлақтардың) саны артып отырғаны айтылған.

Құжатта хат жазылған кезде қала аумағында жұмыс істеп тұрған бірде-бір айлақтың қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде ресми тіркелмегені және оларды орнатуға заңды рұқсат құжаттары берілмегені көрсетілген.

«Бұл факт аталған причалдардың барлығы заңсыз нысан болып табылатынын және Қазақстан Республикасының Су және Жер кодекстерінің талаптарын тікелей бұзып отырғанын айғақтайды. Сонымен қатар, ресми тіркеусіз және техникалық куәландырусыз пайдаланылып жатқан бұл айлақтар азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Қала аумағындағы су айдындарында тиісті тіркеуі мен рұқсат құжаттары жоқ су көліктерінің қатысуымен оқиғалар тіркеліп, соның салдарынан азаматтардың зардап шегу фактілері орын алуда. Бұл жағдай су объектілеріндегі қауіпсіздік пен бақылау шараларын түпкілікті күшейтуді және шұғыл заңнамалық шаралар қабылдау қажеттілігін көрсетеді», – делінген қызметтік хатта.

Осыған байланысты С.Меденов бірқатар мемлекеттік органға тиісті шаралар қабылдауды ұсынған. Атап айтқанда, қалалық әкімдік пен жер инспекциясына жағалау аймақтары мен су нысандарында құқық белгілейтін құжаттарсыз орнатылған, азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін заңсыз айлақтарды анықтау үшін жағалау бойына толық түгендеу жүргізу тапсырылған.

Сондай-ақ жер инспекциясы мен қалалық әкімдікке мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленген тұлғаларды анықтап, оларға әкімшілік шара қолдану және заңсыз нысандарды бұзу бойынша шұғыл шара қабылдау ұсынылған.

Төтенше жағдайлар департаментіне заңсыз орнатылған айлақтардың су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарына, соның ішінде өрт қауіпсіздігі мен құтқару құралдарымен жабдықталуына сәйкестігін зерделеу тапсырылған. Сонымен қатар су көлігі оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылған.

Ал желілік полиция бөліміне Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қала аумағындағы су айдындарында тиісті құжаттары мен тіркеуі жоқ қайықтар, шағын кемелер, гидроциклдер және басқа да су көліктерін анықтау үшін тұрақты рейдтер ұйымдастыру тапсырылған. Су көлігі ережелерін бұзған және азаматтардың өміріне қауіп төндірген тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту да көзделген.

Қызметтік хатта жауапты мемлекеттік органдарға атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы нақты ақпаратты облыс әкімінің аппаратына 15 шілдеге дейін ұсыну тапсырылған. Сонымен қатар қала әкімдігіне мұндай жағдайға жол берген лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік шара қолдану ұсынылған.

Қазір қалада төрт айлақтың құжаты жасақталған

«Ақ Жайық» редакциясы айлақтардың қалай және қандай негізде берілгенін анықтау үшін Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижаннан түсіндіріп беруді сұрады сұрады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Атырау қаласы бойынша төрт айлақтың құжаты жасақталған және олар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгеріміне тіркелген.

Олар:

1. Әйтеке би көшесі, №36 үй маңында (Орал асханасы маңы);
2. Б. Құлманов көшесі, №1е/2 (Айлақ кофе маңы);
3. Қ. Смағұлов көшесі, №14 үй маңында (Кардиологиялық орталық маңы);
4. Қ. Смағұлов көшесі, №26/1 (Санатория орталығы маңы).

Әкімдік өкілінің мәліметінше, осы төрт айлақтың екеуі жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Олар, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі №36 үй маңындағы айлақ 2022 жылы 10 жыл мерзімге, Қ. Смағұлов көшесі №14 үй маңындағы айлақ 2026 жылы 3 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілді.

Сонымен қатар Әйтеке би көшесі, №36 үй маңындағы және Қ. Смағұлов көшесі, №26/1 мекенжайларында орналасқан айлақтарды «Атырау қаласы бизнес-туризм орталығы» КММ-нің теңгеріміне беру жоспарланып отыр. Әкімдік мәліметінше, бұл мекеме алдағы уақытта айлақтарды күтіп ұстау және абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

Бүгін, 18:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.