
Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі сабақ өту барысында ұялы телефондарды пайдалануға бірыңғай әрі міндетті тыйым салады. Ал үзілісте смартфондарды қолдану мәселесін әр білім беру ұйымы өзі шешеді.
Жаңашылдықтың егжей-тегжейі туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова айтып берді. Оның сөзінше, ведомство тікелей сабақ кезінде гаджеттерді пайдалануға тыйым салатын абоненттік ұялы байланысты қолдану ережелерін әзірлеген.
Бұл ретте шектеу форматы мен құрылғыларды сабақ уақытында сақтау тәртібін әр мектеп ішкі тәртіп ережелерімен өзі бекітеді:
Құрылғыларды сақтау: мектептер смартфондарды сабақ басталмас бұрын арнайы жәшіктерге жинай алады, сейфтерде қалдырады немесе оқушыларға сөмкелерінде ұстауды міндеттейді.
Үзілістер: сабақ арасындағы үзілісте балалардың телефонды пайдалану-пайдаланбау шешімін әр мектеп әкімшілігі жеке қабылдайды.
Бұған дейін гаджеттерді пайдалану тәртібі оқу орындарының өз қарауына қалдырылған болатын, ал жаңа оқу жылынан бастап сабақта смартфон ұстауға тыйым салу ережесі еліміздегі барлық мектептер үшін ортақ болады.
Оқу-ағарту министрлігі бұл шара оқушылардың тәртібін жақсартуға және назарын оқу процесіне аударуға бағытталғанын атап өтті, өйткені смартфондар балаларды ойындарға, әлеуметтік желілер мен хат жазысуларға жиі алаңдатады. Бұл ретте ведомство сабақтан тыс уақытта ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты сақтау қажеттілігін де ескерген.
В Атырау +27.8