
Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімдігі LOTUS FEST‑2026 шарасынан кейін әлеуметтік желілерде тараған су жағасындағы ер адамның суретіне қатысты түсініктеме берді.
Жарияланым авторлары ер адамды Қиғаш өзеніне табиғи қажеттілігін өтеп жатыр деп, оны Қытай азаматы деп атаған. Бірақ бұл деректер ресми түрде расталған жоқ.
Әкімдіктегілер бір ғана суретке қарап кадрда нақты не болып жатқанын анықтау мүмкін еместігін айтады. Сондай‑ақ фотосуреттің қашан түсірілгені белгісіз.
— Ресми түрде бұл суреттің қай күні, айда, жылы және қай уақытта түсірілгені анықталмаған. Сонымен қатар бір ғана суретке сүйеніп, ондағы адам табиғи қажеттілігін өтеп жатыр деу мүмкін емес, — дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдік әлеуметтік желілерде тараған ер адамның Қытайдан келген турист екендігі туралы ақпаратты да растамады.
— Фотодағы адамның бет‑бейнесі анық көрінбейді, жеке тұлғасы белгісіз. Сондықтан оның кім екені және Қытай азаматы екендігі туралы тұжырым жасауға негіз жоқ, — делінген түсініктемеде.
Әкімдік оқиғаның мән‑жайын анықтауға мүмкіндік беретін қосымша фото, видео немесе басқа материалдар бар адамдарға оларды полицияға тапсыруды ұсынды.
Сонымен қатар аудан әкімдігі адамның ұлты мен азаматтығына қатысты расталмаған ақпаратты таратудан сақтандырды және жалған мәліметтер мен ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған материалдар үшін заң бойынша жауапкершілік бар екенін еске салды.
Осылайша, бүгінгі күнге дейін суреттегі ер адамның кім екені, оның азаматтығы, фотоның қашан түсірілгені және кадрда нақты не болғаны анықталған жоқ.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +30.2