
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жұмыс сапарымен Индер ауданына барып, әлеуметтік жобалардың жағдайын, тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарының құрылысын, сондай‑ақ мерзімі кейінге шегерілген нысандарды тексерді.
Әкім сапарын Бөдене ауылынан бастады. Мұнда 150 орындық дене шынықтыру‑сауықтыру кешені салынып, пайдалануға беруге дайындық жүріп жатыр. Құрылыс толық аяқталған, құжаттар рәсімделуде. Ақшолақов нысанды жаңа оқу жылы басталғанша тапсыруды жүктеді.
Кейін ол Индербор кентіндегі “Көктем” шағынауданында салынып жатқан 80 пәтерлік тұрғын үйге барды. Құрылыс 2021 жылы басталып, тоқтап қалған. Дайындық деңгейі – 50%. Әкім сараптамадан өткізуді, инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешуді және құрылысты қайта бастау шараларын қабылдауды тапсырды.
Х. Нұрманов көшесіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен де танысты. Үйді инженерлік желілерге қосу көзделген. Аудан бойынша баспана кезегінде 1 446 адам тұр. Әкім мерзімдерді сақтау және сапаны қамтамасыз етуді міндеттеді.
Индербордағы әкімшілік ғимаратта 2021 жылы басталған күрделі жөндеу аяқталғанымен, жобалау мен құрылыста кемшіліктер анықталған. Қазір атқарылған жұмыс пен игерілген қаржыға талдау жүргізілуде. Әкім жағдайды саралап, жобаны әрі қарай іске асыру бойынша ұсыныс беруді тапсырды.
“Болашақ” шағынауданындағы 200 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп‑гимназияның құрылысы да назардан тыс қалмады. Жоба 2022 жылы басталып, құжаттамаға түзетулер енгізілуіне байланысты тоқтап қалған. Қазір ғимараттың қасбеті дайын, аумағы абаттандырылуда. «Жобаға негізсіз түзетулер енгізілмейді. Құрылыс белгіленген уақытта аяқталуы тиіс», – деді Ақшолақов.
Әкім “Болашақ” және “Шығыс” шағынаудандарындағы жол инфрақұрылымын дамыту жобаларын көрді. Мұнда автомобиль жолдары, тротуарлар мен су бұру желілері салынып жатыр. Сонымен қатар “Атырау – Орал” республикалық тасжолының 95–189 шақырым аралығындағы жөндеу жұмыстарына назар аударды. Жобаға алты мердігер, 150 техника және 140 жұмысшы тартылған. Әкім технологияны сақтау, сапаны бақылау және кестеден ауытқымауды тапсырды.
Индербордағы кәріз тазарту құрылыстары да тексерілді. Қазір ол 3 мыңға жуық абонентке қызмет көрсетеді. Техникалық тексеріс нәтижесінде қайта жаңғырту ұсыныстары дайындалуы тиіс.
Сапар соңында әкімге Тұздыкөл тұз кен орнының даму перспективасы таныстырылды. Қоры 2 млрд тоннадан асады деп бағаланған көлдің туристік әлеуетін арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Ақшолақов сапар қорытындысында барлық нысанды тұрақты бақылауда ұстауды, мерзімдерді сақтауды және жобаларды дер кезінде аяқтауды тапсырды.
В Атырау +27.6 








