
Индер ауданы Есбол ауылының сырт жағындағы зиратты бетонмен қоршау құрылысы бұдан бес жыл жыл бұрын жүргізілген еді. Алайда бүгінде ол жарамсыз болып, бұзылатын болды.
Жалпы аумағының ұзындығы 20 шаршы метр болатын зиратты қоршау жұмысы 2020 жылы қолға алынған. Бұл жұмыс құны 67 млн 854 мың теңгеге бағаланып, мемлекеттік сатып алу шартымен "S. Alemconsction" ЖШС бас мердігермен Есбол ауылдық округі келісім шарт жасасқан.
Келісімшарт бойынша 512 дана ЗПБ40.20 (6в) маркалы темірбетон қоршау панельдері, 525 дана Ф12.7.5 (ИФ 10) маркалы темірбетон қоршау іргетастары, металл торлы қақпа, ені 1,5 метр болатын металл есіктің 2 данасын жасау керек болған.
Мердігер мекеме осы жұмыстарды атқарып, 2021 жылдың 22 қарашасында тапсырысшы қабылдап алады. Қабылдап алған сол кездегі округ әкімі, бүгінде аудандық Мәслихаттың төрағасы-Абзал Рамазанов. Ал техникалық қадағалаушы "A. Lex Consulting" ЖШС (Н. С.Раев).
"АЖ" тілшісі зират қоршауының істен шығып жатқанын көзбен көріп келді. Сапасыз салынған бетон қоршаулардың арса-сарсасы шығып құлайын деп тұрса, іргетастары үгітіліп жатыр.
Жергілікті тұрғындар құрылысқа бөлінген қаржының көлемін ескере отырып, мұндай нәтижені сапасыз әрі қолайсыз деп есептейді
- Миллиондаған қаржы бөлді деп естіп отырмыз осы қоршауға. Бес жыл болмай мынадай күйде болуы аруақтарды қорлау деп түсінеміз. Бұған кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс. Мал сүйкенбей тұрмайды, үстеріне құлап кетсе кім жауап береді, тіпті адамға да қауіп төндіріп тұр, - дейді тұрғындар наразы кейіппен.
Зираттың қоршаулары бірнеше жерден құлағаннан кейін Есбол округі әкімшілігі аппараты техникалық жай-күйін анықтау үшін сараптама жасатады.
Сараптамашы "АлексСтройПроект" ЖШС техникалық күйін анықтап, мынадай қорытынды жасаған:
"Қатар орналасқан көптеген тірек блоктарының торлы және өтпелі жарықтары, бетонның бөлшектенуі, панельдердердің жазықтықтан ауытқуы және шеткі учаскелердің орнықтылығын жоғалту белгілері анықталды. Қауіпті учаскелерді пайдалануды дереу шектеп, қоршауды толық бөлшектеу және жаңа жобамен қайта орнату техникалық әрі экономикалық тұрғыдан негізді деп бағаланды".
Бір сөзбен айтқанда 68 млн теңгеге салынған зират қоршауы жарамсыз, оны қайта жасау керек.
Мердігер мекеменің кепілдік мерзімі 2 жыл, ол уақыт өтіп кеткен. Сол себептен құрылыстың сапасына ол жауап бермейді.
Округ әкімі Асхат Тілекқабылов қазір жаңа құрылыстың бағасын есептеу қажет деп хабарлады.
- Жуық арада зират қоршауының құрылысына қанша қаржы керек екені анықталатын болады. Белгілі болғаннан кейін бұрынғы қоршау алынып, жаңасының құрылысы жүреді, - дейді Тілекқабылов.
Жергілікті тұрғындар құрылысқа бөлінген қаржының көлемін ескере отырып, мұндай нәтижені сапасыз әрі қолайсыз деп есептейді
Құрылыс жүргізіп, оны қабылдаған жауапты бюасшыларды жауапкершілікке тарту құқыққорғау органдарының еншісінде болсын.
Сапасыз, "сақалды" құрылыстар Индер ауданында жетіп артылады. Бірақ құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартқан емес.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау +27.8 

