
Қызылқоға ауданы орталығынан 131 шақырым (оңтүстік шығысқа қарай) жерде орналасқан Тасқұдық елді мекені құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Өйткені ауылдағы проблемалар шешілмейінше ауылдан үдере көшу тиылмай отыр.
Ауыл халқы мал шаруашылығымен айналысады. 1999 жылы тұрғындар саны 170 адам (76 ер, 94 әйел адам) болған. Тіпті халық саны 2009 жылдары 206 адамға дейін өскен. Ал 2021 жылғы санақ қорытындысында 82 адамға дейін төмендеген.
2026 жылғы есеп бойынша 83 адам (10 зейнеткер, орта жастағы-18, жастар-25, оқушы-20, мектепке дейінгі балалар-10) ғана 21 тұрғын үйде тұрып жатыр.
Аудандық әкімшіліктің берген ақпары бойынша халық санының азаюының негізгі себебі мынада екен:тұрғындар тұрмыс жағдайын жақсарту және әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында облыс орталықтары мен қалаларға қоныс аударуда.

Тасқұдық тұрғындарының айтуынша, ауылдағы ең үлкен мәселе — тұрақты жұмыстың жоқтығы.
- Халық неге азайды, себебі ауылда жұмыс жоқ. Іргемізде "КазТрансОйл" АҚ мекемесі болғанымен адамдарды арасында жұмысқа алғанымен жиі қысқартуларға ұшырайды. Жергілікті халыққа басымдық беруде аудан әкімшілігі өзара келісімге келе алмай отыр. Сол себептен жұмысқа қабілетті адамдардың дені басқа жерлерге көшуіне себеп болып отыр. Зейнеткерлердің көшкісі жоқ, өйткені азын-аулақ малымыз бар, сонымен күнелтіп отырмыз. Әрі жеріміз шұрайлы, мал жайылымы іргеде, мал азығы мәселесіне бас ауыртпаймыз,-дейді жергілікті тұрғындар.
Айтса айтқандай, "КазТрасОйл" мекемесінде бүгінде 7-ақ адам еңбек етіп жүр. Кейбіреулер шаруашылықтың маусымдық жұмысына (шөп дайындау, т.б.) тартылғанымен ол тұрақты емес. Бастауыш мектепте азын-аулақ адам еңбек етеді. Әкімшіліктің берген мағлұматында ресми тіркелген жұмыссыз жоқ көрінеді.
Таcқұдықтағы тағы бір түйткіл — ескі тұрғын үй қоры. Елді мекенде екі қабатты 1939-1945 жылдары салынған үй бар. Кезінде мұнай айдау стансасы жұмысшыларына арналып салынған 8 пәтерлі үйде бүгінде иесіз қалғандай. Кезінде жекешелендіріп алған тұрғындар да бұл қорқынышты үйде тұра алмаған. Өйткені ғимарат та өмір сүру мүмкін емес.
Әкімшілік ғимараттың техникалық жай-күйіне байланысты күрделі жөндеу тиімсіздігін алға тартып отыр.
Елді мекен тұрғындары үшін көгілдір отын тартылып, жарықпен қамтамасыз етілген. Алайда ауыз мәселесі күрделі күйде қалған.
1944-шы жылдардан бері елді мекен тұрғындары ауыз суды ауылдың шетіндегі құдықтан тасымалдап ішіп отырған. Бірақ неге екені белгісіз, ол құдық шаруа қожалығының иелігіне көшкен.
"Ол құдық суы тұщы емес, ащщы су. Сондықтан ауыз су мәселесін шешу үшін стратегиялық жобасы жасақталды", - дейді әкімшілік жауабында.
Сол жоба нәтижесінде жерасты су көзін пайдаланып, су станциясының құрылысы жүрген. Бұл жобаға 167 млн теңге бөлініп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары аяқталған.
- Мердігер "ШеберҚұрылыс" ЖШС станцияны салып, Мұқыр ауылдық округі теңгеріміне берілді. Алайда су станциясында тұрақты қызмет көрсететін мамандандырылған мекеме мен операторы айқындалмауына байланысты нысан тұрақты режимде пайдаланылуға берілмей отыр. Соған қарамастан тұрғындарды ауыз сумен қамту үшін су станцияны уақытша іске қосып отырмыз. Нысанды толық іске қосу 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған. Және қосымша елді мекен тұрғындары үшін "ҚазТрансОйл" АҚ арқылы да ауыз сумен қамтылуда,-дейді аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев.
Жалпы елді мекенде су тапшылығы бар. Жерасты суына тәуелді болғандықтан малға да, жанға да су мәселесін шешу күрделі күйде қалған. Тасқұдықтағы тұрғындар өзара ақша жинап, 12 млн теңгеге мал ішетін құдық қаздырып алыпты.
- Станция салынды, үйге дейін құбыр тартылды, бірақ бойында су жоқ. Өйткені станция жұмысында шикілік көп. Амал жоқ, қазір ауыл тұрғындары ауыз суды "ҚазТрансОйл" мекемесінен тасып ішіп отыр. Күнде бір мезгіл, екі сағаттан 18.00-ден 20.00-ге дейін суды босатады. Біз баклашкаларды қоларбаға тиеп бір әкелеміз. Бұл қашанға дейін жалғасады, білмей отырмыз,-дейді Сүйеубай Әбілкаримов.
Жалпы айтқанда елді мекен тұрғындарының проблемасы шешілмейінше көші-қон тиылмайтыны сөзсіз. Бүгінде ауылда зейнеткерлер, жастар, мектеп оқушылары мен бүлдіршіндер өмір сүріп жатыр. Бірақ тұрақты өмір сүруге жағдай жасалмаса, Тасқұдықта алдағы уақытта тұрғындар қалмауы ықтимал.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Әлеуметтік желіден алынған видео, автор түсірген сурет
В Атырау +31.2