
Қазақстанда телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа толқыны тіркелді. Бұл жолы алаяқтар электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) қолданылу мерзімін ұзарту деген сылтаумен азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізуге тырысуда, деп хабарлайды zakon.kz.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ) баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін eGov порталының немесе 1414 қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар азаматтардың ЭЦҚ-сының қолданылу мерзімі аяқталуға жақын қалғанын айтады.
Алаяқтар қандай нөмірлерден қоңырау шалады?
Мамандардың айтуынша, күдікті қоңыраулар көбіне мына нөмірлерден түседі:
+7 (727) 346-16-57
+7 (727) 346-16-72
«Мерзімінің аяқталатыны» туралы ескерткеннен кейін қоңырау шалушылар сөйлесу барысында ЭЦҚ-ны ұзартуды ұсынады. Ол үшін телефондағы белгілі бір пернелер комбинациясын басуды, сілтемеге өтуді немесе SMS арқылы келген кодты айтып беруді сұрайды.
ҰАТ-тан маңызды ескерту
Ведомство қатаң түрде ескертті: eGov пен 1414 байланыс орталығының шынайы қызметкерлері телефон арқылы ешқашан SMS-кодтарды, құпиясөздерді айтуды немесе ЭЦҚ кілттерін беруді сұрамайды.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтаңыз:
- SMS-кодтар мен ЭЦҚ деректерін бөгде адамдарға ешқашан айтпаңыз;
- Телефон арқылы сөйлесу кезінде бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамаңыз;
- Хабарламалардағы күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- ЭЦҚ-ның қолданылу мерзімін тек ресми eGov.kz порталындағы жеке кабинет немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы өзіңіз тексеріңіз.
В Атырау +28.2