
Атырауда «Ақжайық» резерваты аумағында ағаш өсіру жобасы талқыланды.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов «Forest of Central Asia» ЖШС басшысы Темірбек Мамаевпен кездесіп, Жайық өзеніне жақын жерде тәлімбақ құруға арналған инвестициялық бастаманы қарады.
Жоба бойынша Еркінқала ауылында 20 гектарлық тәлімбақ салынып, қаржыландыру жеке инвестициялар мен серіктестер қаражаты есебінен жүзеге аспақ.
Жоба өңірді көгалдандыруға үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Компания бұған дейін Ақмола облысында 83 гектарлық тәлімбақ ашып, 30 адамды жұмыспен қамтыған.
Қарағандыда да 20 гектарлық тәлімбақ жұмыс істеп тұр. Биыл резерват аумағында сынақ ретінде бір гектарға түрлі өсімдік отырғызылмақ.
Тәлімбақта жергілікті климатқа бейімделген үйеңкі, қарағаш және қарағай өсіру жоспарланып отыр. Көшеттердің жақсы өсуі үшін топырақ құнарын арттыратын технологиялар мен автоматтандырылған суару жүйесі қолданылмақ.
Әкім экологиялық жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілетінін атап өтіп, отандық ғалымдардың зерттеулерін пайдалану және ғылыми институттармен ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
В Атырау +26.9