
Қаладағы екі ескі зиратты жабу туралы хабар әлеуметтік желілерде үлкен наразылық туғызды.
Еске салсақ, «Ноғай» мұсылман және христиан зираттарын жабу қаланың Бас жоспарын әзірлеу аясында қарастырылған. Себебі – санитарлық және қала құрылысы нормалары бұзылған: олардың санитарлық-қорғау аймағына тұрғын үйлер кіріп кеткен. Жаңа жерлеу орны облыс орталығынан тыс, Ақжар-2 ауылы маңынан белгіленген.
Бұл ақпарат халықтың ашу-ызасын тудырды. Кейбіреулер зираттар жойылады деп ойлады, ал басқалары ол жерлерді әкімдіктің өзі бөліп бергендіктен, тұрғын үйлерді сүріп тастау керек деген пікір білдірді.
Осыған байланысты қала әкімдігі әлеуметтік желілерде тұрғындарға үндеу жариялады:
«Құрметті қала тұрғындары! Атырау қаласындағы қолданыстағы зираттар жойылмайды немесе сүрілмейді. Санитарлық талаптарға сәйкес белгіленген нормаларға сай келмейтін зираттардың аумағын әрі қарай кеңейту тоқтатылады. Қазіргі қабірлер сақталады, ал оларды күтіп-ұстау және жақын туыстарды жерлеу тәртібі бұрынғыдай жалғасады.
Қазіргі уақытта Атырау қаласының Бас жоспары әзірленіп жатыр. Оның барысында қала аумағындағы қолданыстағы зираттардың орналасуы, олардың аумақтық шекаралары, санитарлық-қорғау аймақтарының сақталуы және әрі қарай пайдалану мүмкіндігі зерттелуде.
Атырау қаласының аумағында, соның ішінде елді мекендер мен тұрғын аймақтарға жақын бірнеше зират орналасқан. Қолданыстағы зираттардың көбінде жерлеуге арналған бос орындар таусылған. Белгіленген қоршаулардың ішіндегі аумақтар толық дерлік игерілген.
Сонымен бірге қолданыстағы санитарлық талаптарға сәйкес бірқатар зираттарды әрі қарай кеңейту мүмкін емес.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 19 тамыздағы №ҚР ДСМ-81 бұйрығымен бекітілген санитарлық ережелерге сәйкес, зират қоршауынан алғашқы тұрғын және қоғамдық ғимараттарға дейінгі арақашықтық кемінде 300 метр, ал ауыз су көздеріне дейін кемінде 1000 метр болуы тиіс. Жабық зираттар үшін тұрғын және қоғамдық ғимараттарға дейінгі арақашықтық кемінде 100 метр болып белгіленеді.
Осы талаптарды ескере отырып, санитарлық-қорғау аймақтары сақталмаған және аумақты әрі қарай кеңейту санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін қолданыстағы зираттардың нақты шекарасын анықтап, бекіту қажеттілігі туындайды.
Зираттың «жабық» мәртебесі қолданыстағы қабірлерді жою немесе бұзу дегенді білдірмейді. Қабірлер сақталады, ал қайтыс болған жақын туыстарды жерлеу мәселелері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шешіледі. Негізгі шектеу – зират аумағын әрі қарай кеңейту және жаңа жерлеу орындарын бақылаусыз орналастыруға қатысты.
Қазіргі уақытта Атырау қаласы аумағында санитарлық және қала құрылысы талаптарына сай жаңа зират орындарын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа аумақтарды таңдауда барлық қажетті санитарлық-қорғау талаптары ескерілетін болады».
Дайындаған Лев ГУЗИКОВ
Сурет «Былина» ЭМБ архивінен
В Атырау +26.9