Атырау, 13 тамыз 19:24
 дождьВ Атырау +36.1
$ 465.19
€ 536.55
₽ 5.61

​«Сталкинг, некеге мәжбүрлеу және адам өлтіру»: Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды

94 рет қаралды
Сурет: otyrar.kz
Сурет: otyrar.kz

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймаханға үкім шықты. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Qumash.kz.

Үш бап және үкім

Сот Аймаханды Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айыпты деп тапты:

  • 125-1-бап — «Некеге тұруға мәжбүрлеу»;

  • 115-1-бап — «Сталкинг» (артынан түсіп, соңынан қалмау);

  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы — «Аса қатыгездікпен адам өлтіру».

Түпкілікті жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру.

Трагедия хронологиясы

21 жастағы Нұрай Серікбай 2026 жылдың 11 қаңтарында Шымкентте қаза тапты. Тергеу барысында анықталғандай, оқиға алдында Аймахан бойжеткеннің соңынан ұзақ уақыт бойы қалмай, аңдып жүрген және оны өзімен отбасын құруға күштеп мәжбүрлемек болған.

Бұған дейін сот-психиатриялық сараптама айыпталушының есі дұрыс екенін растаған еді. Сондай-ақ сарапшылар қорғау тарапының «ер адам соққы жасаған сәтте аффект жағдайында болды» деген нұсқасын жоққа шығарды.

Прокурор мен жәбірленуші тараптың позициясы

Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов пен марқұмның отбасы тек ең ауыр жаза қолдануды талап етті. Прокурор істе ешқандай жеңілдететін мән-жайлар жоқ екенін баса айтып, Нұрайдың «ешқандай талабым жоқ» деп айтқан видеожазбасын ескермеуге шақырды — сараптама бойжеткеннің бұл мәтінді қысыммен, жаттап айтқанын дәлелдеген.

Сөз жүзіндегі өкініш

Соңғы сөзінде Аймахан Нұрайдың жақындарынан кешірім сұрап, оған деген «шынайы сезімі болғанын» айтты. Дегенмен ол кінәсін толық мойындаған жоқ: пышақ жарақаттарының санымен келіспей, марқұмның отбасы талап еткен 10 миллиард теңге көлеміндегі моральдық зиян компенсациясын төлеуден бас тартты.

Судья Саммидин Теміралиев мемлекеттік айыптаушының позициясын толықтай қостап, сот процесіне нүкте қойды.

Бүгін, 18:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.