
Мессенджерлерде Қазақстанның күштік құрылымдарында жұмыстан босатуға және кадрлық ауыс-түйістерге уақытша тыйым салынғаны туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ Дезинформацияға қарсы күрес орталығы хабарлады.
Таратылған хабарламаларда 2026 жылдың қарашасынан 2027 жылдың ақпанына дейін құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарда, сондай-ақ Қарулы күштерде толық кадрлық мораторий қолданылады-мыс делінген.
Ақпарат сенімді болу үшін хабарландыру авторлары еңбек заңнамасын жетілдіруге қатысты ҚР-ның 2026 жылғы 3 маусымдағы №295-VIII Заңына сілтеме жасаған.
Орталық өкілдері атап өткендей, мұндай заң шынымен де бар, алайда онда жұмыстан босатуға, ауыстыруға, тағайындауға немесе басқа да кадрлық ауыс-түйістерге ешқандай тыйым салынбаған.
Сондай-ақ хабарламаның жалған екенін міндетті реквизиттердің жоқтығы да дәлелдейді. Мәтінде шешім қабылдаған орган, өкімнің датасы мен нөмірі, нақты құқықтық норма және жауапты лауазымды тұлға көрсетілмеген.
Қазақстандықтарға ресми мемлекеттік ресурстардағы ақпаратты тексермей, мұндай хабарламаларды таратпауға кеңес берілді.
В Атырау +36.1