
Ақтөбеде 10 жасар қыз зардап шеккен жол-көлік оқиғасына байланысты атышулы жанжал шықты. Сот талқылауы барысында полиция тарапынан жіберілген заңбұзушылықтар сериясы, кінәлі жүргізушінің «жоғалып кетуі» және судьяның ресми құжатта тірі баланы «қайтыс болды» деп жазған сорақы қателігі әшкере болды, деп хабарлайды hronika.kz.
Жол апаты және полицияның «көмегі»
Апат 2025 жылдың қараша айында Молдағұлова даңғылында болған. Есірткіге мас күйде Toyota көлігін тізгіндеген Бауыржан Темірғалиев 10 жасар қызды қағып кеткен.
Оқиға орнына ЖКО-ны рәсімдеуге келген полиция инспекторы Қалиев белгісіз себептермен зардап шеккен баланың анасын жарақаттың ауырлығын анықтауға арналған сот-медициналық сараптама жасаудан айнытқан. Нәтижесінде іс «жеңіл» бап бойынша қозғалып, сараптама кейін сотта өте кеш тағайындалды. Осының кесірінен іс созылып, жүргізуші белгілі бір уақытқа жауапкершіліктен сытылып кеткен.
Полициядан «қашып», сотқа келген
Кейіннен құқық қорғаушылар жарақаттың ауырлығын ескере отырып, жаңа іс қозғады. Сот жүргізушіні 20 тәулікке қамауға алып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
Дегенмен кінәліні темір торға отырғызу мүмкін болмады: сол баяғы полицей Қалиев Темірғалиевтің қашып кеткені және оны таба алмай жатқаны туралы баянат тапсырған. Бұл ретте қыздың анасы моральдық зиянды өндіру туралы талап арыз бергенде, полиция «іздеуде» жүр деген жүргізуші сот отырысына еш кедергісіз, өзі келіп қатысқан.
Сот актісіндегі сорақы қателік
Бірақ сұмдық мұнымен аяқталған жоқ. Анасының арызы Ақтөбе облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айпатша Мусинаға түседі.
Судья баланың мүддесі бұзылмаған деген сылтаумен істі ювеналды соттың қарауына жатпайды деп бас тартқан. Бұл ретте судья Мусина өзінің ресми қаулысының мәтінінде шошытарлық тұжырым жазған:
«Өлімге байланысты қызы моральдық азап шегіп отыр».
Ал іс жүзінде жол апатынан зардап шеккен бойжеткен, құдайға шүкір, аман-есен, тірі.
Ақтөбе қаласының әкімшілік істер жөніндегі соты ЖКО-ны рәсімдеу кезінде дөрекі заңбұзушылықтарға жол берген полицейдің атына жеке қаулы шығарды. Сот шешімдері төңірегіндегі бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
В Атырау +36.1