
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) және мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорларына қатысты талаптарды қатаңдатты.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ӘКК-лердің тиімділігін тексеру барысында кейбір тәуелсіз директорлардың бір мезгілде ел бойынша 5 және одан да көп ұйымның басқару органдарының құрамында жүргенін анықтаған еді. Мұндай шамадан тыс жүктеме мен қашықтан жұмыс істеу салдарынан олар өңірлік ерекшеліктерге қаныға алмай, дауыс беруге тек формалды түрде қатысып келген.
Аудиторлардың тапсырмасынан кейін Корпоративтік басқарудың үлгілік кодексіне арнайы түзетулер енгізілді. Жаңа ережелерге сәйкес:
Директорлар кеңесінің мүшесі өз лауазымын бір мезгілде 3-тен артық заңды тұлғада атқара алмайды;
Директорлар кеңесінің төрағасы бұл қызметті 2-ден артық заңды тұлғада қатар алып жүруге құқығы жоқ.
Жаңа шектеулер «Самұрық-Қазына» қорын қоспағанда, мемлекет қатысатын барлық акционерлік қоғамдарға қолданылады. Бұл шара тәуелсіз директорлар институтының тиімділігін арттырып, корпоративтік басқару сапасын жақсартуға бағытталған.
В Атырау +36.1