
Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» (Data Center Valley) жобасын жүзеге асыру барысын талқылаған жиын өткізді. Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндады.
Қазіргі таңда қуаты 50 МВт болатын бірінші нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр:
Энергия орталықтары мен AI-фабрикалар ғимараттарына арналған қазаншұңқырларды әзірлеу жұмыстары 90%-ға аяқталды;
Энергия орталықтарының іргетасы қаланып, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар салынуда;
Жобаны энергиямен қамту үшін қуаты 215 МВт болатын қосалқы станса сатып алынып, су мен телекоммуникация желілерінің жобалары әзірленуде;
2026 жылдың желтоқсанына дейін негізгі корпустар тұрғызылып, іске қосу-жөндеу жұмыстары 2027 жылдың мамырында аяқталады. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылғы маусымға жоспарланған.
Ұзақмерзімді кезеңде «ДӨО алқабының» энергетикалық әлеуетін 1 ГВт-қа дейін кеңейту көзделген. Жоба Firebird AI және NVIDIA сияқты халықаралық серіктестермен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар шет мемлекеттердің деректерін олардың толық заңды егемендігін сақтай отырып орналастыруды көздейтін Cloud First Policy (Data Embassy) жобасы да әзірленуде.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл жобаның еліміздің технологиялық егемендігін нығайтып, Қазақстанды Орталық Азиядағы өңірлік AI хабына айналдырудағы маңызын баса айтып, жауапты органдарға құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді және шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейтуді тапсырды.

В Атырау +36.1 





