
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов облыс орталығындағы бірнеше көшеде жүргізіліп жатқан жол салу және жөндеу жұмыстарын бақылап шықты. Әкім мердігер ұйымдарға жұмысты жеделдетіп, белгіленген мерзімдерді қатаң сақтауды тапсырды.
Жастар көшесі – «Көктем» базары маңындағы учаскеде инженерлік желілерді гильзалау, топырақты нығыздау және асфальт төсеуді жеделдету міндеттелді. Жол тамыздың жиырмасына қарай ашылады.
Т.Бигелдинов көшесі – ұзындығы 1,6 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Қазан айының соңына дейін толық аяқтау тапсырылды.
Абай көшесі – орташа жөндеу жұмыстары 31 тамызға дейін бітуі тиіс.
Қазақ драма театры алдындағы учаске – асфальт төсеу 21 тамызға дейін аяқталуы қажет.
Махамбет көшесі – ұзындығы 1,4 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілуде. 600 метрлік бөлікте көлік қозғалысы 17 тамызда ашылады.
Әлеуметтік желілерде тараған «ағаштарды бетондау» туралы ақпаратқа қатысты әкім мердігерлерден түсініктеме алды. Олар бетон жиектастарды бекіту үшін қолданылғанын, кемшіліктердің жойылғанын жеткізді.
Ақшолақов сапарды қорытындылап, барлық жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін баса айтты. Жол құрылысы аймақ басшысының жеке бақылауында.
В Атырау +32.6 













