
Қала құрылысы және санитариялық нормалардың бұзылуына байланысты жұмыс істеп тұрған мұсылман және христиан зираттары жабылуы қажет.
Атырау қаласының жақында Бас жоспары жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылау барысында облыс орталығынан тыс жерде орналасқан ауданы 105 гектар жаңа зиратқа жер телімін бөлу жоспарлары туралы ақпарат айтылды.
Қала әкімдігінің «АЖ» редакциясына хабарлауынша, жаңа зират Ақжар-2 ауылынан батысқа қарай 2,5 шақырым жерде (Атыраудан 17 шақырым) орналасады. Оның қай конфессияға тиесілі екені туралы мәселе бөлек қарастырылады.
Қаладағы ең ірі әрі ескі екі зиратқа – «Ноғай» және христиан зираттарына келетін болсақ, олардың санитариялық-қорғау аймағына тұрғын үй құрылысы нысандары түскендіктен, жабылуға тиіс.
Санитариялық ережелерге сәйкес, зираттар тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардан кемінде 300 метр, ал ауыз су көздерінен кемінде 1000 метр қашықтықта орналасуы керек. Жабылған зираттар үшін 100 метр қашықтыққа рұқсат етіледі.
«Аталған нысандарды жабу санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын қорғау және азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет», – делінген әкімдік хатында.
Осымен қатар, жұмыс істеп тұрған екі мұсылман зиратының аумағын кеңейту жоспарланып отыр. Олардың бірі әуежайдың оңтүстігінде, екіншісі Жаңаталап ауылының маңында орналасқан.
Лев ГУЗИКОВ
«Былина» ЭКО мұрағатынан алынған сурет
В Атырау +32.6