Қытайда өткен әлем чемпионатында параволейболдан жеңіске жеткен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары мен олардың бапкерлерін Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов марапаттады.
Параволейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының 14 ойыншысының он бірі Атырау облысының намысын қорғады.
Кездесу Спорт күніне орайластырылды. Облыс әкімі құраманың бұл жеңісін бүкіл қазақстандық спорт үшін маңызды жетістік деп атады.
«Сіздер көпшілік үшін батылдық пен төзімділіктің үлгісісіздер. Бұл нәтижелердің артында сіздердің орасан зор еңбектеріңіз бен сіздерді дайындаған, қолдаған және сіздерге үміт артып сенген бапкерлердің еңбегі тұр», — деді Болат Ақшолақов.
Алғыс хатты құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауов, «Атырау» командасының директоры Нұрберен Әміржанов, бапкерлер Ернар Матеуов, Тұрлан Қаратаев және Расул Иманғалиев, сондай-ақ тоғыз спортшы алды.
Өңірдегі параволейбол федерациясы 2002 жылы құрылған, ал арада алты жыл өткен соң Атырауда мамандандырылған клуб ашылды.
Қазақстандық параволейболшылар үшін келесі ірі халықаралық жарыс Жапонияда өтетін Параазиада ойындары болмақ.
В Атырау +21.2 







