
Қазақстанмен шекаралас Ресейдің Орынбор облысында дрон шабуылынан және Орск мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтағаннан кейін отын сатуға шектеулер енгізілді.
12 тамыз күнгі сағат 12:00-ден бастап автокөліктерге жанармай мемлекеттік нөмірдің соңғы цифрына байланысты құйылуда. Жұп күндері жанармайды нөмірі жұп санмен аяқталатын көлік иелері, ал тақ күндері тақ нөмірлі көліктер сатып ала алады. Жаңа тәртіп жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да қатысты.
Автожанармай құю станцияларында (АЖҚС) мынадай шектеулер белгіленді:
АИ-92 және АИ-95 бензині: бір адамға 15-тен 30 литрге дейін;
Дизель отыны: елді мекендерде 60 литрге дейін;
Трассадағы АЖҚС-дағы дизель: 200 литрге дейін;
Канистраларға жанармай құюға толық тыйым салынды.
Жанармай бекеттерінде ережелердің сақталуын ІІМ қызметкерлері мен еріктілер бақылайды.
Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцев өңірде жанармайға қатысты күрделі жағдай қалыптасқанын мойындады. Оның айтуынша, шабуылдан кейін логистикада мәселелер туындаған. Билік жеткізу бағыттарын қайта құрып, көршілес өңірлермен келіссөз жүргізуде және «Ресей темір жолымен» (РЖД) өзара әрекеттестікті күшейтуде. Шектеулер төтенше қызметтер мен қоғамдық көлікті отынмен қамтамасыз етуге, сондай-ақ ажиотаждың алдын алуға бағытталған.
Reuters мәліметінше, 11 тамызда «Орскнефтеоргсинтез» зауыты пилотсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін шыққан өртке байланысты мұнай өңдеуді тоқтатты. Агенттік дереккөздері бастапқы және екінші реттік өңдеу қондырғыларының, соның ішінде ЭЛОУ-АВТ-5 қондырғысының зақымданғанын хабарлады.
Украина әскерилері бұған дейін Орск МӨЗ-іне шабуыл жасағандарын мәлімдеді. Ресей билігі дрон сынықтарының құлауынан кейін өнеркәсіптік кәсіпорында өрт шыққанын растады, бірақ бастапқыда нысанның атын атамады. Зауытқа иелік ететін «Фортеинвест» компаниясы бұл жағдайға әлі түсініктеме берген жоқ.
Орск МӨЗ-інің номиналды қуаты жылына 5,76 млн тонна шикізатты құрайды. 2024 жылы кәсіпорын 4,2 млн тоннаға жуық мұнай өңдеп, 600 мың тонна бензин және 1,8 млн тонна дизель отынын шығарған.
Орынбор облысының Қазақстанның Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарымен ортақ шекарасы бар. Оның ұзындығы шамамен 1,9 мың километрді құрайды. Енгізілген шектеулер Ресей өңірінің аумағында қолданылады.
В Атырау +33.2