Атырау, 12 тамыз 19:27
 дождьВ Атырау +35.7
$ 465.74
€ 537.23
₽ 5.62

Құлсарыда жаңа салынған жиектастарды қайта алып жатыр

100 рет қаралды
Видеодан алынған стоп-кадр
Видеодан алынған стоп-кадр

Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы Береке-2 ықшамауданында мердігер жобадан ауытқығаны үшін атқарылған жұмыстың бір бөлігін қайта жасауға мәжбүр болды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар басында жаяу жүргіншілер жолының пайда болғанына қуанған, алайда кейін оның жиектеріне орнатылған жиектастарды бұзып, алып тастап жатқанын байқаған.

- Елеусіз қалдық, мұнда жүздеген халық тұрады. Жаяу жүргінші жолы жасалады дегенге қуанып едік, енді оның жиегіндегі бордюрлерін бұзып алып тастап жатыр. Оны неге жасады, қайда әкетіп жатыр, түсінуден қалдық. Жарық шамдарын жасады, ол әлі жанбастан тұр. Айнала толған қоқыс, - дейді тұрғындар. 

"Береке-2" ықшамауданы қаланың Қамыскөл көлі жағында  орналасқан. Ауданның бой көтере бастағанына оншақты жыл болған. Бұл ықшам ауданда 350-ге жуық тұрғын тұрады. Үй құрылысын салу қарқынды дамып отыр. 

Анықталғандай, жиектастар расында да бұзылып жатыр, алайда оны ешқайда әкетпейді, мердігер жасаған өз қателігін жөндеп жатыр. 

- "Берекедегі" жаяу жүргінші жолындағы жұмыстарды жасау кезінде жобадан ауытқушылық болды. ЖШС жаяу жүргінші жолындағым жиек тастарды бұзып алып, қайта жасақтауда. Оны ешкім алып кеткен жоқ. Ал шығындар мердігер мекеме есебінен өтеліп жасалуда, бұған бөлек қаржы қаралмаған, - деп хабарлады Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.  

Жалпы Құлсары қаласында жаяу жүргіншілер жолы және веложолдар салу жобасы 1-2 кезең жұмыстарын "Сұңқар" ЖШС  жүргізуде. Жоба аясында 37,6 шақырымды құрайтын 36 көшеге төсемтастар мен веложолдар салу жоспарланған. Яғни, жоба бойынша 100 мың шаршы метр қарастырылған. 

Күні бүгінде ЖШС 50 мың шаршы метрі, яғни жартысын жасап бітірген. Ал "Береке-2" ықшам ауданынан 30000 шаршы метр жаяу жүргінші жолы салынуы керек, оның бүгінде 3000 шаршы метрі жасалған. Әлі 27000 шаршы метрі жасалынуы тиіс. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың қазанына белгіленген. 

"ЖылыойТазалық" ЖШС-нің директоры Бауыржан Абдрахманов қоқыстар даладан келмегінін, баспана салушы тұрғындардың өз қоқыстарынан жинақталғанын айтады. 

- Аудан әкімі ретке келтіріп тазартып бер дегесін жыл басында қоқыстарды шығарғанбыз. Енді тағы толтырып тастап жатыр, әсіресе, сордың айналасына төгіп кетуде. Оның үстіне кейбір тұрғындар төлемақы төлегісі келмейді, - дейді Абдрахманов. 

Қаланы көше жарығымен 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында "Батыс Транзит" АҚ-ы мен жалпы саны 99 көшеге (ұзындығы 52,2 шақырым) жарық жұмысы жүргізілуде. Оның ішінде "Береке-2" ықшам ауданы бар. Жұмыс толық аяқталмауына байланысты іске қосылмаған. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 18:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.