
Financial Times хабарлауынша, Украина Новороссийск порты маңындағы мұнай танкерлеріне дрондармен шабуыл жасауды уақытша тоқтатты. Бұл шешім АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің өтінішінен кейін қабылданған.
31 шілдеде Вэнс Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, шабуылдарды тоқтатуды сұраған. Вашингтон мұндай әрекеттер әлемдік мұнай нарығын тұрақсыздандырып, америкалық компанияларға зиян келтіруі мүмкін деп алаңдаған.
Шабуылдар Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспортталатын қазақстандық мұнайды тасымалдайтын танкерлерге де қауіп төндірген. КҚК – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан мұнайды Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізетін негізгі арна. Бұл бағыт әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 2%-ын қамтамасыз етеді және Қазақстан үшін басты экспорт жолы болып саналады.
Киев КҚК инфрақұрылымына және Ресейге тиесілі емес кемелерге шабуыл жасамауға келісті. Бірақ санкциялық тізімдегі танкерлер мен ресейлік мұнай тасымалдаушыларға соққы беру мүмкіндігі сақталады.
Шілде айында дрон шабуылдары бірнеше рет мұнай тиеуді тоқтатуға мәжбүр етті. Reuters дерегінше, КҚК арқылы жеткізілім жоспардан 20%-дан астамға кешігіп, халықаралық нарық шамамен тәулігіне 400 мың баррель мұнайдан қағылды.
Қазір жаңа кепілдіктер танкер иелерін толық көлемде жұмысқа қайтара ма, белгісіз. Бұған дейін «шабуыл жасалмайды» делінген кейбір кемелер де соққыға ұшыраған болатын.
В Атырау +33.2