Атырау, 12 тамыз 15:16
 дождьВ Атырау +33.2
$ 465.74
€ 537.23
₽ 5.62

Атыраудағы полипропилен зауыты: сатылым өссе де, пайда жоқ

100 рет қаралды
фото baq.kz
фото baq.kz

Атырау облысындағы газ-химия кешені Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) 2025 жылы полипропилен сатылымын арттырғанымен, жылды 71,5 миллиард теңге таза шығынмен аяқтады. «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұндай көрсеткіштердің себебін түсіндіріп, зауыттың толық қуатқа қашан шығатынын айтты, деп жазады baq.kz.

Сатылым өсімі және теріс маржа

Қаржылық есепке сәйкес, 2025 жылы KPI 365 мың тонна өнім өткізген (2024 жылы – 166 мың тонна). Кәсіпорынның табысы 26,2 миллиард теңгеден 145,3 миллиард теңгеге дейін өскен. Алайда өнімнің өзіндік құны табыстан асып, 160,3 миллиард теңгені құрады. Сарапшы Асқар Исмаиловтың айтуынша, әрбір 1 теңге табысқа шамамен 1,10 теңге шығын келген. Нәтижесінде валдық рентабельдік –10,3% деңгейіне түскен.

Қарыз жүктемесі – 1,2 триллион теңге

Зауыттың шығындарының негізгі бөлігі қарыз төлемдеріне байланысты. 2025 жылы қаржылық шығындар 78,9 миллиард теңгеге жеткен, оның ішінде 57 миллиард теңге Қытайдың Мемлекеттік даму банкінен алынған несие пайыздарына жұмсалған. KPI-дің жалпы қарызы жыл соңында 1,218 триллион теңгені құрады. Соған қарамастан, таза шығын 2024 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық қысқарды (224,3 миллиард теңгеден), ал операциялық пайда (EBITDA) 34 миллиард теңгеге жетті. Бұған курстық айырмашылықтың оң әсері де ықпал етті (+31,6 миллиард теңге).

«ҚазМұнайГаздың» түсіндірмесі

Ұлттық компания зауыттың жобалық қуатқа (жылына 500 мың тонна) біртіндеп шығып жатқанын, сондықтан 2024 пен 2025 жылдарды тікелей салыстыру дұрыс емес екенін айтты. Сыртқы факторлар қатарында әлемдік нарықтағы «аюлы» тренд пен Азиядағы артық ұсынысқа байланысты полипропилен бағасының 8–15% төмендеуі аталды.

КМГ дерегінше, өндіріс көлемі кезең-кезеңімен өсіп келеді:

  • 2023 жылы – 180 мың тонна,

  • 2024 жылы – 249 мың тонна,

  • 2025 жылы – 375 мың тонна.

2026 жылы 450 мың тоннаға жету жоспарланған. Компания зауытқа қаржылай қолдау көрсетіп, технологиялық режимдерді оңтайландыру және экспорт географиясын кеңейту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді. 2025 жылы Атырау полипропиленінің негізгі сатып алушылары Еуропа, Ресей, Түркия және Қытай болды.

Бүгін, 14:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.