
Журналист әрі «Просто журналистика» медиажобасының авторы Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры «Әділ сөз» хабарлады, деп жазады КазТаг.
Ұйымның мәліметінше, Астана полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша істі тергеп жатыр.
Қор сондай-ақ 3 тамызда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Ахмедьяров пен оның отбасын Астана әуежайынан Черногорияға ұшып кетпек болған кезде елден шығармағанын нақтылады. Бұған құқық қорғау органдары белгілеген шетелге шығуға шектеу себеп болған.
Талаптың мәні неде?
Тергеуді бастауға Өскемен қаласының тұрғыны Андрей Котовтың арызы себеп болған. Бұған Ахмедьяровтың Ресей тарапының жағында әскери іс-қимылдарға қатысып жүрген деген болжаммен қазақстандықтардың тізімін жариялауы түрткі болған. Аталған деректер украиналық «Хочу жить» жобасынан алынған.
Бұл тізімде Котовтың да аты-жөні болған. Алайда оның өзі Ресейде тек вахталық жұмыста болғанын және әскери іс-қимылдарға қатыспағанын мәлімдеді.
Лұқпан Ахмедьяровтың өзі украиналық жобаның деректерін Қазақстан билігінің назарын осы мәселеге аудару мақсатында жариялағанын түсіндірді. Сонымен қатар ол тізімде аталған адамдардың сөзсіз кінәлі екенін мәлімдемегенін және заңды бұзбағанын айтты.
Алдынғы оқиғалар
Бұған дейін де журналистің айналасында бірқатар оқиға болған. «Әділ сөз» қорының хабарлауынша, Ахмедьяров бір уақытта Facebook пен WhatsApp желілеріндегі аккаунттарына қолжетімділіктен айырылған.
Бұдан бөлек, белгісіз біреулер оның көлігіне бояу шашқан. Осыдан кейін журналист елорда полициясына арыз берген.
В Атырау +30