Атырау, 12 тамыз 11:28
 дождьВ Атырау +22.6
$ 465.74
€ 537.23
₽ 5.62

​Атырау облысында бәсекелестікті қорғау агенттігі заң бұзған төрт мемлекеттік мекемені анықтады

67 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Атырау облысында 42 мемлекеттік кәсіпорын мен мемлекет қатысатын компанияларға ауқымды мониторинг жүргізілді. Олардың төртеуінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) мамандары заңнама талаптарының бұзылғанын тіркеді.

Заң бұзғандардың қатарында:

  • «Майкөмген» мәдениет үйі;
  • «Мүгедектерге арналған спорт клубы»;
  • «Жоғары спорт шеберлігі мектебі»;
  • № 30 «Жұмбақ» бөбекжай-балабақшасы.

БҚДА облыстық департаменті басшысының орынбасары Әсел Әдиеваның нақтылауынша, бұл мекемелер монополияға қарсы органның міндетті келісімінсіз қосымша қызметтер көрсеткен. Мұндай практика жеке бизнестің нарыққа шығуына кедергі келтіріп, жосықсыз бәсекелестік тудырады.

Ұйымдардың мекенжайына төрт нұсқама жіберілді. Бүгінгі таңда анықталған заңбұзушылықтардың барлығы толығымен жойылды.

«Мемлекеттік кәсіпорындар жеке кәсіпкерлермен бір нарықта жұмыс істегенде, барлығына бірдей жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан бәсекелестікке кері әсерін тигізетін факторлар анықталған кезде жедел шаралар қабылданады», — деп атап өтті Әсел Әдиева.

Есепті кезеңде өңірлік департаментке тұрғындар мен кәсіпкерлерден барлығы 87 өтініш түскен. Оның 51-і бойынша түсіндіру хаты беріліп, тағы 29-ы бейінді мемлекеттік органдарға қайта бағытталды.

Бұдан бөлек, монополияға қарсы орган әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, бензин, дизель және авиаотын бағасына мониторинг жүргізуді жалғастырып келеді. Қазір ведомство дәрі-дәрмектердің, ЖЖМ мен сымды интернет қызметтерінің көтерме және бөлшек сауда нарығына талдау жүргізіп жатыр. Өңірдегі бизнес мәселелерін шешу үшін Кедергілер жөніндегі арнайы кеңес те жұмыс істейді.

Бүгін, 10:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.