
Жаңа оқу жылына саусақпен санарлық қана уақыт қалды. "АЖ" тілшісі Индер ауданындағы биыл пайдалануға беріледі деген мектептердің дайындығын зерделеп көрді.
Екі жыл бұрын облыстық құрылыс басқармасы Есболдағы 320 орындық мектеп, Көктоғайдағы 120 орындық жапсаржай, ал Индербор кентіндегі 300 орындық мектеп гимназиясы ғимараты мен 200 орындық жатақхана 2025 жылы құрылыстары аяқталып, пайдалануға беріледі деген болатын. Бірақ жаңа орындар биылғы жаңа оқу жылында да есігін айқара ашпайтын болды.
Көктоғай: жапсаржай екі жылдан бері салынып жатыр
Көктоғай ауылындағы 1977 жылы салынған 450 орындық Б. Нысанбаев атындағы орта мектепте жүзден астам оқушы артық оқып келеді. Сиымдылығы жағынан тарлау мектепке қосымша 120 орындық жапсаржай құрылысын салу 2023 жылдың сәуірінде басталып, қарашада аяқталуы керек еді.
Мердігер "ГрадСтройСервис" ЖШС жылы құрылыс жұмысын жеделдетудің орнына сағызша созды. Бастапқы қаржысы 485 млн 988 мың теңгеге бағаланғанымен уақытында құрылыс-монтаждау жұмысы жүрмегесін құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Оның үстіне құрылысшы мамандар жетіспей обьектінің екінші қабаты ғана көтеріліп, жұмысы мүлдем тоқтады.
Басты себебі жоба дұрыс жасақталмаған, бірқатар жұмыстар қалып қойған және материалдар бағасына өзгеріс енбегендіктен қайта түзетуге жатқызылған. Ақырында жобаға конструктивті өзгерістер енгізіліп, 2024 жылы құрылысы қайтадан жандана бастады. Құрылыс-монтаждау қаржысы 981млн 123 мың теңгеге жеткенімен мердігер жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай мүлдем жүргізбейді. Тапсырысшы, құрылыс басқармасы келісім шарт біржақты бұзып тастайды.
Бүгінде ҚМЖ-да тіршілік нышаны жоқ, өйткені жаңа мердігер анықталмаған. Оқушылар сиымдылығы тар мектепте биыл қайта баратын болды.
Есбол: мектеп дайын, тек шатырынан су кетіп тұр
Есбол ауылындағы 320 орындық мектептің де жыры жетіп болды, "сақалды" құрылыстың бірі. Мектеп құрылысы 2021 жылы басталып, бюджеттен 1 млрд 445 мың теңге бөлінді.
Неге екенін мердігер " ОңдасынСтрой" ЖШС әп дегеннен жұмысты қарқынды жүргізе алмады. Іргетасы жобаға сәйкес болмағандықтан бұзылып қайта жасалды. Жергілікті тұрғындар мектептің құрылыс-монтаждау жұмысына бірнеше рет сын айтты.
2023 жылы ауыл тұрғындарымен кездесуде облыстың экс-әкімі Серік Шәпкенов "осы жылы мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Мердігерге қатаң талап қойылды" деген болатын.
Алайда экс-әкімнің көпшіліктің алдына берген ол уәдесі орындалмады, жұмыс қайта-қайта тұрып қалды. Мердігер жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмады. Тапсырысшы, облыстық құрылыс басқармасы "ОңдасынСтроймен" келісім шартты біржақты бұзып, мердігерді Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа беріп, жосықсыз қатысушы деп танытады.
2024 жылы "Сала" ЖШС құрылыс-монтаждау жұмысына конструктивті өзгерістер енгізіліп, сапартаманың оң қорытындысын алғаннан кейін жұмысын жалғастырды. Индер аудандық әкімшілігі жұмыстың 95 пайызы атқарылып, нысанды қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда "АЖ" оқырмандарынан жауын жауған кезде мектептің шатырынан су аққаны жөнінде шағым түсті. Мердігер 3 жыл кепілдік мерзімі барын, бәрі қалыпқа келетініне сендірді.
- Біз бұл мектепті ұзақ күттік. 1936 жылы тұрғызылған ескі, аппатты мектепте оқушылар әлі оқып жатыр. Биылғы жылдан үміттеніп отырмыз, қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Ертеңгі күннің қамымен қарап отырғанымыз жоқ, ескі мектепті әктеп, сырлап дайындап қойып отырмыз, - дейді Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің директоры Руслан Қанатов.
Индербор: 2024-тен бірден 2026-ға
Индербор кентіндегі 2 млрд 690 млн теңгенің 300 орындық гимназиясы мен 200 орындық жатақхана құрылысы 2022 жылдың 29 маусымында басталды.
Мердігер "Нуркапстрой" ЖШС нысандарды 2024 жылдың 20 желтоқсанында пайдалануға беруі тиіс болатын. Бірақ кестеден кеш қалды, мектеп уақытылы бітпеді. Бұдан кейін құрылыс-монтаж жұмысына түзетулер енгізіліп, құрылысты бітіру мерзімі 2026 жылға шегерілді.
Мектептердің құрылысы кейінге шегерілгеннен айналадағы тұрғындардың жағдайы оңай болмай тұр. Өйткені олардың балалары бірнеше шақырым жердегі мектептерге қатынауға мәжбүр, ал ол бағытта дұрыс жол да жоқ. Қыста және жаңбырлы күндері мектепке дейінгі жол нағыз азап.
- Мына мектеп қашан пайдалануға берілер екен. Биылдан да үмітімізді үзіп отырмыз. Кейбір бөліктердің төбесі толық жабылмаған. Жұмысшы тұрақтамайды, уақытылы еңбекақыларын ала алмағасын кетіп қалып жатыр деп естіп отырмыз. Мердігерден неге жауапкершілік талап етілмейді, жергілікті билік те араласуы керек қой. Аудан әкіміне аяқтай барып, анығын білгіміз келіп отыр, - дейді тұрғын Сәлімжан Сапағұлов.
Елтай: мектеп жөнделді, бірақ парталары ескі
Елтайдағы М.Сиранов атындағы орта мектеп өткен жылы күрделі жөндеуге тұрып, 633 млн теңгенің жұмысы (есік-терезе, едені жаңартылып, сыланып, жылу, ток жүйлері қалыпқа келді) атқарылды.
Сол жылы 300 млн теңгенің материалдық базасы да жаңартылуы керек еді. Өйткені мектепке қосымша кабинеттер алынып, парталар, тақталар алынуы тиіс болатын. Бірақ қаржы бөлінбей қалып, 2026 жылға шегерілді. Облыстық білім басқармасының бастығы Марат Әбуов биыл да ақша бөлінбейтінін ашып айтты.
Нәтижесінде күрделі жөндеуден өткен мектеп ескі парталарды пайдаланады. Парталардың ескіргені соншалық ата-аналар балаларының киімдерін бүлдіріп жатқаны жөнінде жиі шағым түсірген.
Индер аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашеваның айтуынша, аудандағы мектептер жаңа оқу жылына дайын, жеңіл жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталды. Ал Есбол ауылындағы Қ. Есқалиев атындағы 320 орындық мектептің жаңа оқу жылына ашылуы неғайбыл, қабылдап алуы қашан бітетіні белгісіз. Б. Нысанбаев атындағы орта мектептің 120 орындық жапсаржай құрылысы да тоқтап тұр.
Міне, Индер ауданындағы жағдай осы. Бітпеген құрылыстар, бөлінбеген қаржының зардабын оқушылар мен ұстаздар бастан кешіруде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +33.2 







