
Атыраудың екі университетінде 521 талапкер мемлекеттік грант иегері атанды.
Биылғы мемлекеттік білім беру грантының нәтижелерін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жариялады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне 359 талапкер мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндік алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 65 грантқа аз.
Биыл талапкерлер арасында «Физика» мамандығы ең көп таңдалған бағыттардың бірі болды. Бұл мамандыққа 50 грант бөлінген. Сонымен қатар «Ақпараттық технологияларға» – 27, «Стандарттау, сертификаттау және метрологияға» – 25, «Математика пәні мұғалімдерін даярлауға» – 22, «Дене шынықтыру және спортқа» 20 грант берілді.
Ал С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне 162 талапкер мемлекеттік грант иегері атанды. Оның 82-сі жалпы конкурс арқылы, 80-і квота негізінде грантқа ие болды.
Квота бойынша бөлінген гранттардың басым бөлігі техникалық және инженерлік бағыттарды қамтыған. Грант саны бойынша ең жоғары көрсеткіш «Электр техникасы және энергетика», «Электр техникасы және автоматтандыру», сондай-ақ «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру» бағыттарына тиесілі. Әр бағыт бойынша 20 грант бөлінді.
Грант иегерлері жоғары оқу орындарына құжаттарын 25 тамызға дейін тапсыруы қажет.
В Атырау +33.1