
2025 жылы «Отбасы банкте» тұрғын үй кезегін заңсыз жылжытуға, клиенттердің мүддесін лоббизмдеуге және жалған құжаттар жасауға байланысты сыбайлас жемқорлық деректері анықталды.
Заңсыз әрекеттерге қатысы бар қызметкерлермен еңбек шарты бұзылып, материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) жариялаған банктің жылдық есебінде айтылған.
Қаржы ұйымының мәліметінше, банк қызметкерлері клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін қолдағаны үшін заңсыз сыйақылар алып отырған. Анықталған заңбұзушылықтардың арасында азаматтарды баспана кезегінде заңсыз алға жылжыту жағдайлары да бар.
Бұдан бөлек, филиалдардың бірінің қызметкері клиенттердің төлем қабілеттілігін растау үшін кірістері туралы жалған құжаттар жасаған. Бұл анықтамалар кейін несие өтінімдеріне тіркелген.
Аталған қызметкерлермен сенімді жоғалтуға байланысты еңбек шарттары лезде бұзылды. Сондай-ақ банк оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдірді.
Анықталған эпизодтар бойынша құқық қорғау органдары бірнеше қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қызметкерлердің аты-жөні, күдіктілердің нақты саны және заңсыз алынған сыйақы көлемі есептемеде ашып көрсетілмеген.
В Атырау +38.1