
Атырауда құрылысы толық аяқталмаған «Baisanat Residence» көпқабатты тұрғын үйді бұзу жұмыстары жалғасып жаптыр. Осы жазда түсірілген су жаңа кадрларда төменгі қабаттың бірнеше бағанасы (колоннасы) қисайып тұрғаны көрінеді, алайда темір-бетон қаңқасы әлі де құламай, сол күйінде тұр.
Бұл жағдай кенеттен орын алған жоқ. Осы жылдың қысында әлеуметтік желіде дәл осы нысанды ауыр техниканың көмегімен бұзуға тырысқан видео тараған болатын. Ол кезде бағандарға арқан байлап, оны трактормен тартқан еді. Алғашқы әрекеттен конструкция беріле қоймады.
Енді бұзу жұмыстары біршама алға жылжыған: жаңа кадрлардан бағандардың бір бөлігі белгілі бір бұрышпен қисайғанын көруге болады. Пікір қалдырушылар мен куәгерлердің айтуынша, бағандарды алдын ала кесіп, кейін техникамен тартып құлатады. Ал қолданылып жатқан демонтаж технологиясы туралы ресми түсініктеме әлі берілген жоқ.
Атырау қалалық әкімдігі «Baisanat» нысанының шынымен де бұзылып жатқанын растады. Тұрғындардың сауалына берген жауабында билік өкілдері каңқасы қалған құрылыс нысанын «белгілі құрылыс компаниясы» сатып алғанын және қазіргі уақытта оны бұзу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Осы орында жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр.
Алайда әкімдік өз жауабында компанияның атын атаған жоқ.
Айта кетейік, «Baisanat» — Атыраудағы тарихы қылмыстық сотқа дейін жеткен проблемалық тұрғын үй жобаларының бірі. 2025 жылдың қаңтарында облыстық прокуратура «Атамекен тұрғын үй» ТКК, «Family Town», «Baisanat Residence» және «SaraishyqInvestGroup» ұйымдарына қатысы бар тұлғалардың қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған еді. Үлескерлердің мүддесін қорғау аясында прокуратура бұған дейін «Baisanat Residence» құрылтайшыларының бірінің жақындарына заңсыз қайта рәсімделген 1 гектар жерді қайтарып алды.
2025 жылдың мамырында Атырау қалалық соты прокуратураның «Baisanat Residence» ТКК және оның құрылтайшыларымен шарттарды бұзу, сондай-ақ өндірілген қаражатты үлескерлерге қайтару туралы кезекті талап арызын толық қанағаттандырды. Ол кезде қадағалаушы орган бұл шешім инвесторларды тартуға, құрылысты аяқтауға және адамдарға баспананы тапсыруға мүмкіндік береді деп мәлімдеген болатын.
Арада бір жыл өткенде аяқталмаған құрылыстың финалдық шешімі өзгеше аяқталды. Әкімдіктің қазіргі хабарламасына қарағанда, ескі «Baisanat» ғимаратын аяғына дейін салу жоспарда жоқ: қаңқасы толық бұзылып, жер телімі жаңа тұрғын үй кешеніне беріледі.
Нысанды нақты кім сатып алғанын қала билігі әлі ашып айтқан жоқ. Десе де, ресми анықтамасыз-ақ бір нәрсе айқын болып тұр: жылдар бойы құрылысы бітпеген «Baisanat» құрылысын сүріп тастау да оңай шаруа болмайын деп тұр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Н. Жунасов түсірген видео
В Атырау +38.9