Атырау, 11 тамыз 16:07
 дождьВ Атырау +31
$ 466.08
€ 538.56
₽ 5.65

Алдымен шахта, кейін фабрика: KAZ Minerals нысандарында екі төтенше жағдай орын алды

243 рет қаралды

Абай облысында орналасқан KAZ Minerals нысандарында екі күнде екі рет өрт шықты. Орлов шахтасының жұмысшылары мен Ақтоғай кен орнындағы байыту фабрикасынан 20 адам эвакуацияланды.

Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алғашқы оқиға 8 тамыз күні сағат 22:00 шамасында Жезкент кентіндегі Орлов шахтасының оныншы горизонтында болған. Түтіннің шығуына байланысты түнгі ауысым жұмысшылары сыртқа шығарылып, одан кейін жер астына тау-кен құтқарушылары түскен.

Өрттің ошағы Monomatic бұрғылау қондырғысының жанынан табылды. Ол жедел түрде өшірілгенімен, құрал-жабдықтар зақымдалды.

KAZ Minerals ұсынған алдын ала болжам бойынша, оқиғаға электр кабелінің зақымдануы себеп болуы мүмкін. Нақты мән-жайлар анықталуда.

Келесі күні, 9 тамызда, Ақтоғай кен орнындағы №1 байыту фабрикасының білікті ұсатқыш (валковая дробилка) учаскесінде өрт шықты. Бұл уақытта мердігер ұйымның қызметкерлері жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын.

Учаскеден 20 адам эвакуацияланды. Ашық жалын сөндірілді, ешкім зардап шеккен жоқ және түтінге тұншығып медициналық көмекке жүгінгендер тіркелмеді.

Оқиғалардың себебін анықтау үшін KAZ Minerals комиссия құрды. Келтірілген шығын көлемі мен өрттің фабрика жұмысына ықтимал әсері әлі жарияланған жоқ. Екінші байыту фабрикасы мен оксидті кенді қайта өңдеу кешені штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.

Кеше, 13:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.