
Түркия Дарданелл және Босфор бұғаздары арқылы Қара теңіз бағытындағы сауда кемелерін өткізуді қайта жандандырды. Бұған дейін аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне және азаматтық флотқа шабуылдардың жиілеуіне байланысты өту уақытша шектелген болатын, деп хабарлайды dw.com.
Теңіз мониторингі жүйелерінің мәліметінше, 6 тамыздан бері рұқсат күткен Aegean Dream мұнай танкері 9 тамызда Дарданелл бұғазына сәтті кірді. Кеме Ресейдің Новороссийск қаласындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына қарай бет алған. Осыған ұқсас рұқсатты Новороссийск жағына бағыт алған Mehmet Kahveci A контейнер тасымалдаушысы да алды.
Бұдан бір күн бұрын Түркияның Жағалау қауіпсіздігі бас басқармасы өтінімдерді қарауға қосымша уақыт қажеттігін алға тартып, Ресей және Украина порттарына бет алған кемелерге транзиттік рұқсат беруді кідірткен еді. Бұл жағдайға қатысты Түркия Көлік министрлігі тарапынан ресми жария пікір берілген жоқ.
Шектеулер кеме қатынасы үшін тәуекелдердің күрт өсуі аясында енгізілді. Тамыз айының басында Түркия СІМ екі коммерциялық кемеге жасалған дрон шабуылдары кезінде түрік моряктарының жарақат алғанын хабарлаған болатын.
Осыған байланысты Анкара Мәскеу мен Киевке Қара теңіз акваториясындағы сауда кемелеріне соққы беруге «мораторий» енгізу ұсынысымен жүгінді. Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мәлімдегендей, ел кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар әзірлеп, оларды іске асыруға кірісті.
В Атырау +34.1